Қазақстан бақша дақылдары экспортын ұлғайтуда

Қазақстан бақша дақылдары экспортын ұлғайтуда. Түркістан облысының диқандары осы жылдың 7 айында Ресей, Беларусь, Латвия, Германия елдеріне 225 мың тоннадан астам қауын мен қарбыз шығарған. Атап айтар болсақ, бір ғана  Ресей нарығына шығарылған бақша дақылдарының көлемі 195,5 мың тоннадан асады. Сол секілді, Беларусь еліне 13 мың тонна, Германия мен Латвия мемлекеттеріне 17 мың тоннадан аса қауын экспортталған. Оңтүстік өңірлерде өндірілген өнімнің 40 пайызы еліміздің солтүстігіндегі аймақтарға жіберілуде.

САПАР ДӘРІБАЙ, АРЫС ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бақшаның өзі 3,5 мың гектар жерге егілді. Соның 90 пайыздайы жиналды. Бүгінгі таңда 80 мың тонна қауын артылып, шекара асырылды. Өткен жылғы өнімнің 70% экспортқа кеткен. Биыл 100% шетелге шығып жатыр. Себебі бізде іште қауын көп егілген. Халықтың барлығы сыртқа сатып жатыр.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысының шаруалары жалпы 61 мың гектардан аса қауын мен қарбыз еккен. Осы алқаптан 1330 тонна өнім жиналған. Бақша өнімдерінің дені қауын болса, 560 мың тоннаға жуығы қарбыз. Бұл өткен жылдың өнім көлемімен салыстырғанда, 80 мың тоннаға артық. Елімізде өсірілетін қауын-қарбыздың 65% осы оңтүстік өлкеге тиесілі. «Ақ алтын» мақта өніміне қарағанда, бақша дақылдарынан түсетін табыс көлемі 5 есеге көп дейді диқандар қауымы. 

БАЙҒАЛИ КӨПЕКОВ, БАҒБАН:

 - Биылғы өнім өткен жылдағыдан қарағанда жақсы. Өзімнің еккенім 10 гектар қауын. Көбісі мұнда 50-60 гектарлап, тіпті 100 гектарға дейін егеді. Жұмыс табылып жатыр бәріне, ауылда.

Айта кету керек, өңірде, сондай-ақ қауыннан түрлі әдістермен әзірленетін қауынқақ, қауынқұрт дәмдері дайындалып өндірілуде.