Қытай мен Қазақстан арасында сауда-саттық 30 пайызға өсті

Қытай мен Қазақстан арасында сауда-саттық 30 пайызға өсті

Қазақстан мен Қытай өзара ынтымақтастықты арттырып келеді. Бүгінде аспан асты елімен алыс-беріс, барыс-келіс жағы жақсы жолға қойылған. ҚХР біздің экономикаға тікелей инвестиция құю жағынан да көш бастап тұр. Тараптар байланысының бекемдей түсуіне Қазақстанның мемлекеттік бағдарламалары мен қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасының үндесуі септігін тигізіп, жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Осының арқасында екіжақты тауар айналымы ұлғайды. Соңғы жылда ғана аспан асты елі мен Қазақстан арасында сауда-саттық 30 пайызға өскен. Бұл әріптестіктің сандық жемісінің жиыны 11 миллиард долларды құрайды. Бұл екіжақты табыс жолының басы ғана, дейді сарапшылар.

НҰРАЛЫ БӨКЕЙХАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Қытайлық кәсіпкерлер қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға мүдделік танытып отыр. Агроөнеркәсіп кешенінің тауарлары экологиялық таза, сапалы әрі бәсекеге қабілетті болып саналады.

Екіжақты бизнес қауымдастықтың әріптестігін тереңдету мақсатында алдағы қазан айында Қытайға Қазақстанның сауда миссиясы жоспарланған. Еліміздің сауда үйлері ашылатын Сиань қаласы мен Шэньси провинциясында 25 отандық кәсіпкер жергілікті бизнес өкілдері мен тұтынушыларға өз өнімдерін ұсынатын болады. Бірлескен жобалар құруға Қытайдың іскер азаматтарыда үлкен қызығушылық танытып отыр.

ЧЕН ШИБО, БИЗНЕСМЕН, ҚЫТАЙ:

 - Біз Қытайға шығарылатын қазақстандық тауарлардың экспортын ұлғайтуды көздеп отырмыз. Бұл – біздің басты мақсат. Өйткені мұнда экологиялық таза өнім түрлері көп. Қазіргі таңда ұн, май, тәтті тағамдардың импортын бастап кеттік. Жақын арада бұл тізімге қой етін қосуды жоспарлап қойдық. 

Қытай – қазақстандық бизнес үшін үлкен мүмкіндіктер алаңы. Өйткені әлемдегі ең ірі нарықтардың бірі отандық кәсіпкерлерге есігін айқара ашты, дейді сарапшылар.