Қазақстанның ЖІӨ 8 айдың қорытындысы бойынша 3,8% құрады

Қазақстанның экономикалық даму қарқыны тұрақты. Елдің жалпы ішкі өнімінің өсімі 8 айдың қорытындысы бойынша 3,8% құрады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі хабарлады. Тимур Сүлейменовтың мәлімдеуінше, алдағы мақсат – Жалпы ішкі өнімнің кем дегенде төрт пайыздық өсімін қамтамасыз ету. Бұл жоспарды орындау үшін жыл соңына дейін экономиканың барлық салалары бойынша өсім көрсеткішін орта есеппен 4,2 пайызға көтеру керек.

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

 - Жылдың басынан бері ЖІӨ өсу қарқынын ескере отырып, 4% мақсаты қолжетімді болып қалады. Алайда фармацевтика, тамақ және сусын өнімдері, мұнай өңдеу, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда нысаналы өсу қарқындарына қол жеткізілмеу мүмкін. Көрсетілген салаларда өсу қарқындарын қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін айлық өсу қарқындарын орташа есеппен 4-9%.

Айта кетейік, жыл басынан бері негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 21,4%-ға өскен, оның ішінде 27% – жеке қаржы салымдары. Сыртқы сауда айналымындағы өсім көрсеткіші де жоғары. Жыл басынан бергі 7 айтың ішінде ол 20%-ға өсіп, 52 млрд долларды құрады. Ал экспорт 26% артып, ақшалай эквивалентте 34 млрд долларға жетті. Сонымен қатар шетелдік нарықтарға жеткізілетін шикізаттық емес тауарлар көлемі 4% асып түсіп, 9 млрд долларды құрады.