Қазақстанның көлік-транзит саласында әлеуеті артып келеді

Қазақстанның көлік-транзит саласында әлеуеті артып келеді. Оған дәлел, жыл басынан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің Қызылорда өңірінде жүк тасымалдау көлемі 15% артып, орташа жылдық экономикалық тиімділігі 190 млрд теңгеден асып түсті. Айта кету керек, мұндағы 812 шақырым жол төсемінің құрылысына 164 млрд теңге қаржы жұмсалған. Автобанның әрбір учаскесі жоғары халықаралық стандарттарға сай. Бұл жол үстіндегі жайлылық қана емес, жол бойындағы бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер болмақ. Осы салаға салынған инвестиция 4,5 миллиард теңгені құрайды. Алдағы уақытта автомагистраль маңынан  41 сервистік орталық  ашу жоспарланып отыр. Оның 19-ы іске қосылған. Мамандардың айтуынша, бұл күре жолдан тәулігіне 9 мың автокөлік өтеді. Және оның 800-ден астамы – жүк көліктері.

ҚАЙРАТ ӘБСҰЛТАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бірінші санатқа  ақылы төлемде көрсететін төлемақы бөлек есептеледі де, екінші санатқа жататын автомобиль жолдарының ақылы түрде қызмет көрсететін жолдары басқаша төменгі бағамен есептеледі деп алдын ала есептемелері бойынша қабылданып отыр.

Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда Құрық паром кешенінің алар орны ерекше.  Ол іске қосылған кезден бастап 2 млн  607 мың тонна жүк өткізген. Оның 1 млн 200 мыңнан астамы – үстіміздегі жылдың 7 айында экспортқа шығарылған өнім көлемі. Құрық портынан шетелге қазақстандық астық, мұнай, сондай-ақ, тұрмыстық тұтыным тауарлары және тыңайтқыштар экспортталып келеді. Сондай-ақ, Қазақстанның екінші теңіз қақпасына бүгінгі таңда 620 кеме аялдаған. Айта кетейік, кешен бір мезгілде 5 паром қабылдай алады. Негізінен айлаққа Қытайдан транзиттік тауарлар темір жол арқылы келеді. Тауарларды кейін портта кемелерге тиеп, Еуропаға жібереді, ол жақтан кері бағытта металл, жиһаз, құрылыс материалдары мен азық-түлік өнімдері тасымалданады.

ТАЛҒАТ ОСПАНОВ, «ҚҰРЫҚ ПОРТЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазір біздің рейдте 4 кеме тұр. 500-ге жуық вагон өздерінің кезегін күтіп тұр. Оның ішінде айтып кеткендей көмір, астық, мұнай өнімдері және Қытайдан транзиттік жүктер өздерінің кезегін күтіп тұр.

Соңғы 10 жылда еуразиялық көлік дәліздерінің көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мақсатында шамамен 30 млрд доллар инвестиция тартылған. Жаңа инфрақұрылым құрылысы мен жаңғырту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. 2020 жылға қарай салаға құйылатын инвестиция 8 млрд долларға жетеді. Бұл Жібек жолы бойындағы сауда ағынына тың серпін беріп, республиканың аймақтағы транзиттік-логистикалық торабын нығайтуға мүмкіндік туғызады.