Астанаға бағытталған инвестиция көлемі 30% артты

Астанаға бағытталған инвестиция көлемі 30% артты. Көрсеткіш 520 млрд теңгеге жеткен. Сарапшылардың айтуынша, мұндай нәтижеге инвесторларға қолайлы жағдай жасаудың арқасында жету мүмкін болған. Шетелдік бизнес үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылып отыр. Мемлекеттік қолдау көрсету мен инвесторлардың құқығын қорғаудың нақты жүйесі қалыптасқан. Сондай-ақ, екі өнеркәсіп алаңы жұмыс істейді. Оларда шетелдік инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасалған

ЕРЛАН БЕКМҰРЗАЕВ,  АСТАНА ҚАЛАСЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қазіргі таңда «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы мен жаңа арнайы экономикалық аймақ бар. Астана арнайы экономикалық аймағы «Астана Технополис» өткен жылы құрылған болатын. Биыл «Астана - жаңа қала» аумағында 7 инвестициялық жоба енгізуді жоспарлап отырмыз.

Астана қаласы қарқынды дамып келеді. Жыл сайын мұнда келетін бизнес қауымдастықтардың саны артуда. Олардың жұмыстарының нәтижесінде елордада кәсіпкерлік белсенділік айтарлықтай өскен. Мамандардың айтуынша, шағын және орта бизнес кәсіпорындарының өндірген өнім көлемі соңғы 20 жылда 5 трлн теңгеге жеткен.

ЕРЛАН БЕКМҰРЗАЕВ,  АСТАНА ҚАЛАСЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ ЖЕТЕКШІСІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Қаладағы негізгі инвесторларымыз, әрине, жергілікті кәсіпкерлер. Астанадағы шағын және орта бизнестің даму қарқыны қазіргі таңда 1-орында , оның үлесі 69% тең. Яғни шағын және орта бизнес негізгі инвестор болып отыр.

Заманауи өндіріс, қаржы орталығы, медицина және білім беру, сауда, логистика, туризм, мәдениет, спорт және креативті сектор. Астананың дамуына серпін беретін 10 негізгі бағыт анықталып отыр. Мұнымен қоса, биылдан бастап шетелдік қаражатты тартуға арналған мүлдем жаңа стратегия жүзеге асырылмақ. Ол әлемдегі үздік тәжірибелерге сүйенетін болады.