Қазақстанда әуе керосині шығарыла бастайды

Қазақстан мұнай өңдеу саласын қарқынды дамытып келеді. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, еліміздің әлемдік мұнай нарығындағы әлеуеті зор. Қыркүйекте Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмыстары толық аяқталды. Осының арқасында Қазақстан К4 экологиялық стандартты бензин мен дизель отынын өндіру көлемін арттырмақ. Сонымен қатар, елімізде әуе жанар-жағармай керосині де шығарыла бастайды. Отандық үш зауыттан шамамен 900 мың тонна өнім алу көзделуде. Еліміз өнімді экспорттауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, кәсіпорындар келешекте РТ жоғары сапалы әуе керосинін саудаға шығармақ. Мамандар ірі әуе тасымалдаушылар тарапынан өнімге деген қызығушылық артады деген үмітте.

ЖАН-ФИЛИПП ТАДИЕЛЛО, ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯ ӨКІЛІ /ФРАНЦИЯ/:

- Әрине, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының қарқынды дамып келе жатқанына бәріміз куәміз. Сондықтан, бұл нарықтың болашағы зор деп ойлаймыз. Сондай-ақ, қазақ елі өз сұранысын өтеуге қауқары бар табиғи ресурстарға да бай. Біз үшін бұл нарық аса маңызды.

Ал, жақында ашық түсті жанар-жағармайдың алғашқы 50 мың тонналық партиясы көршілес Қырғызстанға жөнелтіледі. Келешекте қазақстандық мұнай өнімдері басқа да елдерге тасымалданады деп жоспарланып отыр.

ШУХРАТ ДАНБАЙ, ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯНЫҢ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

- Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екі жақты келісімшарт негізінде қазан айында біз 92-бензиннің алғашқы партиясын жөнелтеміз. Сондай-ақ, Павлодар мұнай-химия зауыты авиациялық жанар-жағармай, РТ жоғары сапалы реактивті өнім өндірісін жандандырды. Осыған байланысты әуе компаниялар тарапынан қызығушылық жоғарлаған. Бұл ішкі нарықтағы жағдайға әсер етті. Бүгінде көтерме баға 20-30%-ға төмендеді.

Қазақстан мұнай өңдеу саласын ары қарай дамытуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта елімізде төртінші мұнай-химия зауыты құрылысының алдын-ала техника-экономикалық негіздемесін дайындау жұмыстары басталған. Еске салсақ, бүгінгі күні республикада үш зауыт жұмыс істеп тұр. Атырау және Павлодардағы зауыттарда жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, ішкі нарықтағы сұранысты толықтай қамту мүмкін болды.

МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

- Қазіргі кезде еліміздің транзиттік әлеуетіне баса назар аударып отырмыз. Әсіресе Батыс Еуропа-Батыс Қытай жаңа бағыттарының ашылу мәселесі қарастырылуда. Бұл жағдай жаңа төртінші зауыт құрылысын бастауға негіз болып отыр. Біз зауыттың қуаттылығы, оның орналасатын аймағы секілді мәселелерді шешуге ден қоюымыз қажет.