Қазақстан омарташылары өнімдерін Қытай нарығына шығаруға мүдделі

Сыртқы нарықтарға тұрақты негізде жеткізіліп келетін қазақстандық өнімнің бірі – табиғи бал. Экологиялық таза өнімге әсіресе қытайлық тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Былтыр бұл елге Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданынан 50 тонна бал экспортталған. Бұл омарташылықпен айналысуға деген ынта-жігерді арттырған. Былтыр ауданда 230 тонна бал жиналса, биыл көрсеткішті 260 тоннаға жеткізу межеленіп отыр. Мемлекеттік қолдау да жыл сайын артып келеді.

Мына шаруашылықтың иелері омарташылықты әулеттік кәсіпке айналдырған. Ара өсірумен осыдан бір ғасыр бұрын Украинадан Барқытбел бауырайына қоныс аударған арғы ата-бабалары бастапты. Енді қазір ара бағудың қыр-сырын өз балаларына үйретіп жүр.

НИКОЛАЙ ЖУЧОК, ОМАРТАШЫ:

- Міндетті түрде асыл тұқымды араларды көбейтіп, шаруашылықтың дамуына терең мән бермесе, мол өнім аламын деу - бос әуре. Қазір науқан кезі, Астанаға жәрмеңкеге баратын уақыт та таяп қалды. Елорда тұрғындарына тек үздік деген бал өнімдерінен 1 тонна апаруды жоспарлап отырмыз.

Омарташылар отбасы соңғы жылдары асыл тұқымды Карпат тұқымдас араларды бағып жүр. Орта есеппен жылына 25-30 тоннадан өнім жинайды. Еңбек өнімділігін арттыру үшін шетелден арнайы бал сығатын қондырғы сатып алып, арнайы құтыларға құятын цех та ашыпты. Олар да өнімдерін Қытай нарығына шығарудан мүдделі.

АНАТОЛИЙ ЖУЧОК, ОМАРТАШЫ:

- Биыл біз шаруашылығымызды кеңейтіп, тағы да 500 ұя қостық. Елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға зор көңіл бөлініп жатқан тұста менің өтінішім: Қытайға барып өнімдерімізді саудалауға жағдай жасалса екен.

ТӘУІРЖАН ШОМАНОВ, ҮРЖАР АУДАНДЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІК БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

- Қытай Халық Республикасының бізге қойған ережесіне сәйкес жұмыстар жоғарғы деңгейде атқарылып жатыр. Бүгінгі күнде аудан жоғарыдағы Омарташылар палатасымен тікелей жұмыс істеп отырмыз. Бұл жұмысты өзіміз қадағалауға алып, 2018 жылы 50-60 тоннадай Қытайға экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз.

Омарташылықпен айналысушыларға мемлекет тарапынан да көмек қарастырылған. Мәселен, өткен жылы аудан бойынша 11 миллион 600 мың теңге субсидия берілсе, биыл 20 миллион теңгеден асады деген болжам бар.