Түркістандық қауын-қарбыз Еуропа елдеріне жөнелтілуде

Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауарларының экспортын 40%-ға көбейту. Қазақстандық шаруалар осы мақсатты іске асыру бағытында тер төгуде. Еліміздің әр аймағындағы шаруашылықтар агроэкспорт құрамын толтырып, көлемін еселеуге ден қойған. Түркістандық шаруалар ауылшаруашылық саласының экспорттық әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосып отыр. Әсіресе, өңірдің қауын-қарбызы сынды бақша өнімдері шетелде жақсы сұранысқа ие. Бұрын ТМД елдеріне жеткізіліп келген өнім, енді Еуропа асырылып жатыр. Биыл түркістандық шаруалар  61,4 мың гектар жерге қауын мен қарбыз егіп, одан 1 млн 330 мың тонна өнім алды. Бітік шыққан өнімнің 80 пайызы экспортқа жөнелтілген.

НҰРАЛЫ СҰЛТАНБЕКОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ ТӨРАҒАСЫ:

- Былтырғыға қарағанда биыл жақсы, жаман емес. Биыл ауа-райы да жақсы келді, ыстық болды. Бізде 12 гектар жүзім бар, соның 10 гектарынан өнім алып жатырмыз. Ендігі жылы 2 гектар тағы қосылады. Қауын-қарбыздан ерте шығатынын 16 гектардай ектік. Биыл сұраныс жақсы болды.

Дәмі тіл үйіретін түркістандық қауындардың сұрпын Жетісайдағы ғылыми-зерттеу институтының мамандары дайындайды. Мәселен, жаңа түрін ойлап табу үшін ғалымдар 7-8 жылын сарп ететін көрінеді. Қазір де институт мамандары қауын мен қарбыздың эскпортқа лайықталған түрін жарыққа шығармақ.

ИБАДУЛЛА ҮМБЕТАЕВ, ҚАЗАҚ МАҚТА-ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Біз шығарған қауындар экспортқа бағытталған. Келешекте бұдан басқа сорттар шығарамыз. Өйткені ол қауын қақ дайындауға, қауынның шырынын дайындауға әрі көптеген продукция дайындауға жарамды.

Биыл облыста тұңғыш рет «Қауын Fest» фестивалі өткізілді.  Бақша өнімдері фестивалінде қауынның 27 түрінен 30 тонна көлемінде өнім әкелінген. Ең үлкен деген қауын 20 келіні құраса, қарбыз да осы шамалас.

НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Мақта дақылынан алынатын табыс көлемі 250-300 мың теңге көлемінде болатын болса, бақша дақылынан алынатын табыс көлемі 1 миллион 250 мыңға дейін. Қауын фестивалінің мақсаты да осы – бақша өнімдерінен алынған өнімді одан әрі ұлғайту, экспорт көлемін 2,5 есеге арттыру.

Сондай-ақ, шара аясында тосап дайындаушылар сайысы,  «Ең үлкен қауын», «Ең дәмді қарбыз», «Ең тәтті тосап», «Ең үздік бақша өнімдерін ұсынған ауыл әкімдігі» атты номинациялар бойынша  жарыстар ұйымдастырылды.