2018 жылдың 7 айында Қазақстанның тау-кен өндірісі 5,4% артқан

Тау-кен өндірісі Қазақстан экономикасының басымдыққа ие негізгі салаларының бірі. Сарапшылардың айтуынша, сектордың өсім динамикасы сақталып келеді. Үстіміздегі жылдың 7 айының қорытындысы бойынша  тау-кен өнеркәсіптерінің өндірісі 5,4% артқан. Бұл салаға бірқатар жаңадан ірі жобалардың ендірілуімен байланысты. Ресейлік инвесторлардың қатысуымен құрылған Бақыршық тау-кен өндірісі солардың қатарында. Бұл Қазақстандағы алтын қорына бай кен орны. Ол 70 жыл бойы өндіріс жолына шықпаған. Жоба бойынша 10 мың тонна алтын өндірілмек. Бұл Қазақстандағы жалпы алтын өндірісі көлемінің 14% құрайтын болады. Бұған қоса, биыл Қарағанды облысында катодты мыс шығаратын зауыт қолданысқа берілді. Мыс рудасының өндірістік қуаты 2 миллион тоннаны құрамақ. Сондай-ақ, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында ел бойынша тау-кен өндірісінің ошақтары цифрландырылатын болады.  

ЕРНАР САРЖАНОВ, ҚР ИДМ ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

- Біз цифрландыру бойынша 14 шараны қолға алған 6 кәсіпорынды іріктеп алдық. Бүгінде бірқатар кәсіпорындарға сәтті ендірілді. Бұл «Ақылды карьер» жүйесі «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің алаңында іске қосылды. Сондай-ақ биыл біз Өскемендегі титан-магний өндірумен айналысатын комбинатқа баланс есептейтін жүйені орнатуды жоспарлап отырмыз. Кейін тағы да ірі кәсіпорындарды цифрландыратын боламыз.

Тау-кен өндірісінің инвестициялық тартымдылығын еселеуге үлкен көңіл бөлініп келеді. Елімізде инвестициялық омбудсмен институты құрылды. Оның негізгі жұмысы инвесторлардың құқықтары мен мүделерін қорғауға бағытталған. Бұған қоса, өткен шілде айында жер қойнауын пайдалану кодексі заңды күшіне енді. Құжат аясында жер қойнауын пайдалануға рұқсат алу үшін қажетті үрдістер жеңілдетілді. Бұрындары 2 жыл қаралатын мәселе енді бір айдың ішінде шешілетін болды.

ЕРНАР САРЖАНОВ, ҚР ИДМ ТАУ-КЕН МЕТАЛЛУРГИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

- Біздің барлық корларымыздың ашықтығы мен кен орнын алу құқығы жеңілдетілгенін ескеретін болсақ, бұл жайттар елдің тау-кен өндірісінің инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі.

Сарапшылардың пікірінше, тау-кен өндірісі Қазақстанның әлемдік аренадағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді.