Қазақстан 12 мемлекетке балық өнімдерін экспорттайды

Қазақстан ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін кеңейтуде. Сыртқы нарықтарда сұранысқа ие қазақстандық азық-түлік тауарларының бірі – балық өнімдері. Атыраулық жоғары сапалы деликатестер Франция, Германия, Австрия, Литва, Израиль және ТМД елдерінің нарықтарынан өз орнын тапқан. Бүгінде Каспийдің шортаны мен көксеркесінің алғашқы партиялары Болгария мен Румынияға жөнелтуге дайындалып жатыр. «Қазақстанда жасалған» деген сауда белгісімен сапалы балық өнімдері жалпы саны 12 мемлекетке жеткізіліп отыр.

ШАХНОЗ ШАМУРАТОВА, БАЛЫҚ ӨҢДЕУ ЦЕХЫНЫҢ ШЕБЕРІ:   

- Біз күніне 3-4 тонна балық өнімдерін істеп шығарамыз. Филе жасап шығарамыз. Көксерке филеміз шетелдерге, Франция, Германияларға кетеді экспортталып, одан басқа жайын, сазан балықтарынан филе жасап шығарамыз. Олар ішкі нарыққа барады.

Орал-Каспий су бассейніндегі балық популяциясын сақтап қалу үшін республикалық және облыстық бюджеттерден 7,5 млрд теңге қаражат бөлінген. Осы қаражат есебінен балық мекен ететін су айдындарының түбін тазалау және тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Бұл балықтардың уылдырық шашу өрісіне кіретін өзендер.

ИВАН ЦЕРНИКЕЛЬ, ТЕХНИКАЛЫҚ КЕМЕ КОМАНДИРІ:

- Топырақты 2,5 метр тереңдікке дейін қазамыз. Жалпы арнаның ені 40 метр болса, соның 25 метрі тереңдік көлемінде болуы шарт.

Өңірде балықты қолдан өсіріп, табиғи қорды толықтыруға да жете мән беріледі. Каспий теңізіне жыл сайын 7 млн дана бағалы балық шабағы жіберіледі. Ал зауыттарға қайта жаңғырту жобасы жүргізілсе, бұл көрсеткіш бірнеше есеге көбею мүмкін, дейді мамандар.

ҒИЛМАН СӘРСЕМӘЛИЕВ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

- Қазіргі таңда біздің зауыттарды қайта жаңғырту бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер  мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. 

Үстіміздегі жылдың бес айында қазақстандық балық шаруашылығы 12 жарым мың тонна салқындатылған және мұздатылған балық өнімдерін өндірген. Мамандар алдағы уақытта экспорт көлемі артатынына сенімді.