Қазақстандық өнімдер Ресей нарығында өз орнын тапты

Қазақстандық өнімдер Ресей нарығында өз орнын тапты. Бағасы тұрақты, ал сапасы жоғары, экологиялық таза тауарларға жергілікті халық тарапынан қызығушылық зор. Мысалы, Омбы қаласының бір өзінде 4 қазақстандық сауда павильоны жұмыс істейді. Былтыр күзде ашылған орындарда 20-ға жуық компания мыңға тарта өнім түрін ұсынып отыр. Дені – Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Алматы облыстарының өңдеуші кәсіпорындары.

ВЕРА ЦОДИКОВИЧ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДҮКЕНДЕР ЖЕЛІСІНІҢ ӘКІМГЕРІ:

- Аптасына екі рет, сәрсенбі және жұма күндері тауарлар жеткізіліп тұрады. Омбыда мұндай экологиялық таза өнімдер көп жерде саудалана қоймайды. Көбіне құрт, қоспа, сүр ет сынды қазақтың ұлттық өнімдерін сатып алады.

Тұтынушылар тарапынан ұлттық өнімдерге деген сұраныс жоғары. Ал тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына толық жауап береді.

АЛЕКСАНДР ТРИШКИН, ОМБЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Қазақстандық өнімді қолдаймыз. Себебі басқалармен салыстырғанда дәмі ерекше.

ОЛЕСЯ РЕЗНИЧЕНКОВА, ОМБЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Кәмпит, шоколад сатып аламыз. Балаларымыз жақсы көреді. Қазақстандық өнімдердің дәмі тіл үйіреді.

Айта кету қажет, Омбыдағы қазақстандық дүкендер желісіндегі нүктелер санын сегізге жеткізу көзделіп отыр.