Түркістан облысындағы сүт фермасында «құлтемір сауыншы» қызмет етеді

Түркістан облысындағы сүт фермасында «құлтемір сауыншы» қызмет етеді

Цифрлық технологиялар Қазақстан экономикасының барлық салаларына қарқынды енгізілуде. Автоматтандырылған өндіріс, электронды кезек, роботтандырылған ферма. Осының бәрі жұмысты жеделдетіп, өнім мен қызмет сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді. Тың технологияның игілігін бүгінде Түркістан облысындағы мына сүт фермасының иелері көріп отыр. Мұндағы Голштин тұқымды сиырлар тәулігіне 10 мың тонна сүт береді. 900-ден астам ірі қараның 400 басы сауылады. Бір «құлтемір сауыншы» тәулігіне 60 сиырды үш реттен сауады. Жаңа қораларға Голландиядан әкелінген роботтар қойылыпты.

АБЫЛАЙ ӘБІШЕВ, СЕРІКТЕСТІК ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бұл роботтардың айырмашылығы, қазіргімен қарағанда біршама арзан. Алдыңғы роботтар 7-8 минут бір сиырды сауса, бұл 5 минутта сауады. Бір роботқа 60 емес, 70 сиырдан келіп отыр. Енді 4-ші қораға осы екі роботты қойдық. Қазір іске қосып жатырмыз. Алдағы уақытта көңілден шықса, жылдан-жылға сиыр басы көбейгендіктен 5-6 шы қора саламыз деп жоспарлап отырмыз.

Бұрын қорада бұл жұмысты әр сағат сайын бір маман атқаратын. Ал қазір жұмысшының еңбегін мына робот алмастырған. «Малшы» аталып кеткен құлтемір 20 минут жұмыс жасап, 40 минут қуат көзінен нәр алады. Салмағы – 600 кг. Кәсіпорын қазір өз өнімдерін өздері өңдеуге көшкен. Мұнда айран, қаймақ, құрт, тіпті ірімшікке дейін дайындалады. Зауыт тәулігіне 50 тонна сүт өндіруге қауқарлы. Ең бастысы - дайын өнімдер таза әрі ешбір қоспасыз. Бұлар 7-15 күн аралығында салқын жерде сақталады. Сүт зауытқа жеткізілгеннен бастап, зертхана бақылауында болады.

НҰРСҰЛТАН ЖОЛЖАНОВ, СҮТ ЗАУЫТЫНЫҢ САПАНЫ ҚАДАҒАЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Жоспарымыз - жалпы зауыт көлемін ұлғайту, микробиологиялық бөлім ашу. Ол біздің жұмысымызды жеңілдете түседі. Біз өзіміздің ұйытқыларды өндірсек деп жатырмыз. Ол тауарымыздың сапасын ұлғайтып, оның өзіндік бағасын біршама түсірер еді.

Серіктестік алдағы уақытта бұқтырылған сиыр етін дайындайтын зауыт салуды жоспарлап отыр. Түпкі мақсат – сан емес, сапаға мән беру.