Ақтау конвенциясы: Орталық Азия аймағына инвестиция ағыны күшеймек

Ақтаудағы саммитте Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылуы Орталық Азия аймағына шетелдік инвестиция ағынын күшейтуге ықпал етуі мүмкін. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшылары осындай пікірде. Олардың айтуынша, көпжақты тиімділік қағидатына негізделген келісімнен Каспий жағалауындағы бес мемлекеттің барлығы ұтады. Бұған қоса, аталған құжаттың Орталық Азия елдері үшін де нақты экономикалық пайдасы болары анық.

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ӘЭСИ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

- Конвенцияның қабылдануы Каспий аймағындағы және Орталық Азия елдеріне келетін инвестиция көлемінің артуына алып келетіні сөзсіз. Өйткені ендігі жерде инвесторлардың назары Қазақстанға ғана емес, Түркменстанға, өзге де көрші мемлекеттерге ауа бастайды. Меніңше, конвенцияның қабылдануынан мультипликативтік әсер зор болмақ. Ол Орта Азия елдеріне инвестиция ағынын күшейтеді.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция инвестициялық саладан басқа, Орталық Азия мемлекеттерінің сауда-экономикалық байланыстарына да оң әсер ететін болады. Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, құжат, бірінші кезекте, аймақ елдерінің ресурстық-көліктік әлеуетін кеңейтеді, соның ішінде Еуропа нарықтарына жүк транзиті артады.

ЖҰМАБЕК САРАБЕКОВ, ӘЭСИ ИНСТИТУТЫНЫҢ САРАПШЫСЫ:

- Қазақстанның және Түркменстанның транзиттік мүмкіндіктеріне Ақтауда қол қойылған конвенция, басқа да келісімдер оң әсер береді деп ойлаймын. Мысалы, аймақтағы басқа мемлекеттер Каспий теңізі арқылы Еуропа нарықтарына шығу мүмкіндігін пайдалана алмақ. Өйткені бұл арзан, сапалы әрі тез. Сондықтан Конвенцияның қабылдануынан тұтастай Орталық Азия аймағы ұтады деуге негіз бар. Біріншіден, Каспий өңірінде әскери-саяси тұрақтылық қамтамасыз етіледі. Екіншіден, барлық елдер үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктер ашылады. Және үшіншіден, Ақтаудағы саммитте тиісті конвенция мен келісімдерге қол қойылуы Каспий транзиттік аймағының белсенділігін арттырады. Бұдан орталықазиялық әр мемлекет пайда көретіні анық.