Қазақстанда 20 млн тоннадан астам астық жиналмақ

Биыл Қазақстанда 20 миллион тоннадан артық астық жинау жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамы бойынша, 2016 жылғы рекордттық көрсеткішті қайталауға республиканың мүмкіндігі зор. Астықты өңірлердің бірі – Ақмола облысында 5,5 миллион тоннадан артық астық орылады деп күтілуде. Айта кетейік, бүгінде аймақта егінді ору науқанына қызу дайындық жүруде. Биыл өңірде 5 млн гектар жерге егін  егілсе, оның басым бөлігіне бидай дәні түскен. Бұл облыста дәстүрлі түрде егілетін дақыл.  Сонымен бірге осы жылы өңір диқандары майлы және жем-шөп дақылдарының алқабын кеңейтуді жөн көріпті.

МӘЛІК МЫРЗАЛИН, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Өңірдегі егіс алқаптары әртараптандырылды. Басымдық берілген дәнді-дақылдар алқабы 150 мың гектарға ұлғайтылды. Соңғы 2 жылда элиталық тұқымдар егістігін 1,8 есеге арттырдық. Минералды тыңайтқыштар себілген алқаптар 2 есеге кеңейді.

Отандық ғалымдар элиталық тұқымдарды жерсіндіріп, жергілікті ауа райы жағдайларына, кез келген температурада өсіп-өнуіне бейімдеу жұмыстарын жүргізді. Мысалы, Ақмола облысының Бұланды ауданында биыл 200 мыңнан астам гектар жерге дән себілген. Соның 95 мың гектары мына агрофирмаға тиесілі. Мұндағы мамандар өсімдік шаруашылығынан басқа, етті бағыттағы мал шаруашылымен айналысады, мал бордақылау алаңы да жұмыс істейді.

АРМАН ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

-  Мемлекет тарапынан қолдау жақсы. Субсидиялау, әртараптандыру бағыттарындағы мұқият ойластырылған мемлекеттік саясат жаңа дақылдарды егуге ынталандырады. Техника жеткілікті. Инвестициялық субсидиялар техникамызды дер кезінде жаңартып отыруға мүмкіндік береді.

Қазақстандық бидайдың сапасы жоғары, сол себепті шетелде сұранысқа ие және жақсы бағаланады. Бұл ретте республиканың астық пен дайын өнімдерді тасымалдау мен жеткізу мүмкіндіктері  артып келеді. Темір жол бағыттары мен Құрық портының әлеуеті жетерлік. Ал қазақстандық шаруалар жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, өнім көлемін еселеуге назар аудармақ. Бұл міндетті орындауда олар жаңа технологияларға сенім артып отыр. Тың әдістердің көмегімен өнімділікті арттыруға, топырақтың сапасын жақсартуға болады. Нәтижесінде Қазақстан ауылшаруашылығы өнімдерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра алады. Атап өтерлігі, астық жинау науқаны Ақмола өңірінде таяу уақытта басталады. Егін орағына деп барлығы 8,5 мыңнан астам комбайн мен басқа да техника сақадай сай.