Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына әсер етуші басты жағдайлар: қолайлы географиялық орналасуы, тиімді жобалар және инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктер. Бүгінде экономиканың барлық салаларында дерлік капитал салымдарының артқаны байқалады, дейді сарапшылар. Бұл ретте өңірлердің белсенділігі жоғары. Мысалы, бір Ақтөбе облысының өзінде 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Тартылған қаржының жалпы сомасы 250 млрд теңге. Ең ірі жобалардың қатарында газ өңдеу зауытының құрылысы мен алтын кенішінде салынатын тау-кен байыту комбинатының жобасы бар. 9 жоба іске асырылу үстінде. Ал металл конструкцияларын, бекіту және силикат өнімдерін және әк өндіруші кәсіпорындар, құрамында хром бар қалдықтарды қайта өңдеу цехы сынды жобалар тұрақты негізде жұмыс істеп тұр.

РУСЛАН ОРАЗҒАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ИИД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

-  Ақтөбе облысының  индустриялық аймағында казіргі уақытта 14 жоба іске асырылуда. Облыста инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Мұнда жарық су, қажет инфрақұрылым тартылған.

Республиканың зор инвестициялық мүмкіндіктеріне Кипрдің алдыңғы қатарлы құрылыс компанияларының бірі қызығушылық танытты. Фирма Астанадан өз кеңсесін ашуға кірісті. Оның басшысы Ахмет Ноянның айтуынша, елорда төрінен компания кеңсесін ашу Кипр мен Қазақстан арасындағы байланыстарды кеңейтуге, әріптестіктің жаңа бағыттарын анықтауға  жол ашады. Екінші жағынан, көпқабатты ғимараттар мен тұрғын үй кешендерінің құрылысы саласында тәжірибе мен білім алмасуға мүмкіндік береді.

АХМЕТ НОЯН, СОЛТҮСТІК КИПРДЕГІ ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

-  Солтүстік Кипр үшін Қазақстан – инвестиция құйып ынтымақтастық көкжиегін кеңейтетін жаңа алаң. Заманауи шаһар салу үшін құрылыс компаниялары тынымсыз еңбек еткені көрініп тұр. Егер Кипр мен Астананы салыстыратын болса, ауа райында ғана айырмашылық бар деп айтуға болады. Сәулетші ретінде айтарым, шаһар осы қарқынмен дамитын болса, алдағы 10-15 жыл ішінде Астана әлемдегі танымал қалалар қатарына қосылуы мүмкін.