Қазақстанның ЖІӨ көлемі 4% құрады

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі биылғы жылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 4% құрады. Осы уақытта ел бюджетіне 4 трлн 264 млрд теңге қаражат түсті. Жалпы өсім – 116%. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, аталған мерзімде елімізге 7 миллиард теңгеге жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,4% жоғары.  

ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ,  ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

-  Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айы қорытындылары бойынша ЖІӨ 4% құрады. Экономиканың өсуіне инфляцияның төмендеуі, жоғары инвестициялық белсенділік және экономиканың негізгі салаларында оң динамиканың сақталуы негізгі импульс берді. Инфляция ең төмен жылдық деңгейде сақталады.

Сондай-ақ сыртқы сауда айналымында да өсу үрдісі сақталуда. Мәселен, бірінші жартыжылдықтағы өсім 16,3%-ға тең. Экспорт көлемі – 21,8%, ал импорт 7,8%-ға өскен. Өңдеу секторы және ауыл шаруашылығында да, сондай-ақ көлік кешенінде де оң көрсеткіштер тіркелді. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы контейнерлік тасымал көлемі артқан. Көлік қызметінің кірісі 17,5%-ға ұлғайып, 1,5 трлн теңгені құрады.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - 7 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы 251 мың контейнер тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға өскен.

Ал Қытай-Еуропа  бағыты бойынша 144 мың контейнер жүк тасымалданған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 63%-ға көп.