2020 жылға дейін «Құрғақ портын» дамытуға 500 млн доллар инвестиция тартылмақ

Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Құрғақ порт» еліміздің батысындағы «Құрық» портымен тығыз жұмыс істейтін болады. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, жүк тасымалын жылдам әрі қолайлы етеді. Осылайша, Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропа, Орталық Азия және Кавказ елдеріне жүк тасымалы еселене түседі.

ЖАСҰЛАН ХАМЗИН, «КТZE KHORGOS GATEWAY» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Бүгінгі таңда «Құрғақ порт» Қытайдан күн сайын 6-7 контейнерлік поезд қабылдайды. Өткен жылы шамамен 100 мың жиырма футтық эквивалент өңделіп, «Құрғақ порт» аумағында тиелді. Биыл жарты жылда шамамен 65 мың жиырма футтық эквивалент өңделді. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 240 мың эквивалентке жеткізу жоспарланып отыр.

Жиырма футтық эквивалент дегенде 20 тонналық контейнерлер туралы айтылып отыр. Бүгінгі күні құрғақ порттың аумағында 2 уақытша сақтау қоймасы жұмыс істеп тұр. Әрқайсысының аумағы 5 мың шаршы метрден. Оның біраз бөлігін ірі компаниялар пайдаланып отыр. Өйткені олар жүкті қысқа мерзімде діттеген жеріне жеткізуге мүдделі. Аспанасты елінен Еуропаға жүктерді теңізбен жеткізуге 40 күн уақыт жұмсалса, ал темір немесе көлік жолдарымен небары 2 апта қажет.

ЖАСҰЛАН ХАМЗИН, «КТZE KHORGOS GATEWAY» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

-  Құрғақ порттан тиелген жүктер Өзбекстанға, Қырғызстанға жеткізіледі. Жақында Түркияға жөнелте бастадық. Сондай-ақ Қазақстан аумағымен транзитпен контейнерлік поездар шеңберінде Еуропаға да жүктер жеткізіледі.

Теңіз жолдарына бәсекелес болатын «Құрғақ порттың» ашылғанына биыл 3 жыл толды. Осы уақытта мұнда өңделетін жүк көлемі 8 есе өсті. Бүгінге дейін мұнда 211 мыңнан астам контейнер қабылданып, жөнелтілді. 2020 жылға қарай жүктерді қабылдап-жөнелту көлемін 500 мың жүк контейнерлерге жеткізу жоспарлануда. «Құрғақ порт» орналасқан «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының көлемі 4,5 мың гектардан асады. Бүгінде оның 680 гектарына инфрақұрылым тартылған. Қалған жер резервте тұрады. Құрғақ порттан өзге бұл жерде логистикалық және индустриялық аймақ бар. Қазіргі уақытта астық өңдейтін және жем азығын шығаратын алғашқы зауыттардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

ЖЕҢІСБЕК ЖҰТАНОВ, «ҚОРҒАС-ШЫҒЫС ҚАҚПАСЫ» АЭА АППАРАТ БАСШЫСЫ:

- Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан барлық инфрақұрылым толық соғылып бітті. Міне енді қазір біздің жобамыздың екінші кезеңі басталды. Екінші кезеңі ол осы аумақты инвестициялық жобалармен толтыру. Сол қатарда инвесторларға мемлекет тарапынан барлық қолайлы жағдай жасалған. Олар – деген салықтық жеңілдіктер, кедендік жеңілдіктер.

2020 жылға дейін «Құрғақ портты» дамытуға 500 млн доллар инвестиция тартылмақ.