Түркістанда түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын

Ұлттық өнім жасау кең өндіріске шығарылуда. Мысалы, Түркістанда түйе және бие сүтін өңдеп, одан құрғақ ұнтақ шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Ол 30 тамызға дейін пайдалануға беріліп, сынақ мерзімінде жұмыс істей бастайды. Ал желтоқсан айында толық қуаттағы өндіріске көшіріледі. Зауытта тәулігіне 100 тонна түйе сүті қабылданып, одан құрғақ ұнтақ шығарылмақ. Жобаның инвестициялық құны 7,5 млрд теңгені құрап отыр. Дайын өнім шетелдерге де экспортталмақ.

ЖАЗИРА ОЗАТҚЫЗЫ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

-  Қазір енді Қытайға жібереміз, одан кейін Еуропа елдеріне, АҚШ, Австралия деген сияқты мемлекеттерге де кейін экспортқа шығару жоспарда бар.

Халқымыздың ас түрлерін өндіріске қойған кәсіпкерлер қазақтың ұлттық тағамдары мемлекеттік брендке айнала алатынына сенімді. Экологиялық таза, табиғи құндылығы сақталған, денсаулыққа пайдалы өнімдерге әрқашан да сұраныс бар. Бір ауысымда 2 тонна ірімшік өндіріп отырған Павлодардың  сүт өңдеу зауытының жетістіктері осыған дәлел.

ЛЮДМИЛА СВЕРДЛОВА, ТЕХНОЛОГ:

-  Біз кептірілген құрт жасаймыз. Ұлттық тағамның 20 түрін ұсынып отырмыз. Хош иісті зира, бұрыш, тұз  қосылған  және тәтті, қышқыл түрлері бар. Пішіндері де өзгеше. Табиғи құндылықтары сақталады. Ендігі жоспарымыз саудаға қызыл ірімшік жасап  шығару.

Нарыққа шыққан 6 жыл ішінде бұл зауыт өнімнің 100-ге жуық түрін игеріпті. Ата-баба кәсібін жалғастырып, заманға сай бейімдей білген отандық кәсіпкерлер ұлттық өнімдердің кең өндірісін жолға қоя отырып, бірегей өнім өндірушісі атануға болады дейді.