Қазақстан-Ауғанстан әріптестігі - Kazakh TV

Ауғанстандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету Орталық Азия елдері үшін басым бағыт болып отыр. Бұл үшін тұрақты экономиканы қалыптастыру қажет. Ауған елінің дамуына Қазақстан да үлес қосып отыр. Екі ел арасындағы тауар айналымы өсуде. Биыл көрсеткіш 19% артып, өткен жылмен салыстырғанда 180 млн долларға жетіп отыр. Ауғанстанға жөнелтілетін қазақстандық тауарлар экспорты да артты. Ислам Республикасы өз өнімін Қазақстанға жөнелтуді жоспарлап отыр. Екіжақты әріптестіктің болашағы жайлы Астанада өткен жиында сөз болды.  

ХУМАЮН РАСАВ, АУҒАНСТАННЫҢ САУДА ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП МИНИСТРІ:

 - Біздің сауда көрсеткішіміз өсіп отыр. Өкінішке қарай, бұл тұрақты емес. Сондықтан біз бизнес әлеуетті талқылап, сауда көлемін арттыруы жоспарлап отырмыз. Қазақстанда инвестиция үшін зор мүмкіндік бар. Инвестициялық ахуал тиімді. Сондықтан біздің инвесторлар мұнда келіп, жобаларды жүзеге асыруға әзір. Ауғанстандық компаниялар да бірлескен кәсіпорындар құру бойынша қазақстандық бизнес серіктестерді күтеді. 

Сондай-ақ кездесу барысында логистика, транзит және кедендік реттеу мәселелері талқыланды. Қазіргі таңда Ауғанстан Қазақстаннан 24 тауар түрін импорттайды. Алайда алдағы уақытта бұл тізімді кеңейту көзделуде.

МОХАММАД РАБИ НАБИЗАДА, АУҒАНСТАННЫҢ САУДА ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Ауғанстанда Қазақстанға импорттауға арналған бірқатар тауарлар бар. Тізімде кептірілген жеміс, ауғанстандық кілемдер, асыл тастар, мәрмәр бар. Ауғанстан Қазақстан нарығына тауарлар шығарудың жаңа жолдарын табуды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде елдер арасындағы сауда көлемін ұлғайтпақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер