Арқалық қаласындағы ет өңдеу кешені іске қосылады

Қазақстандық ет кластерін дамытуға Қостанай қосар үлесі зор болмақ. Бүгінде Арқалық қаласындағы ет өңдеу кешенін іске қосу қолға алынған. Шұжық өнімдері мен консервіленген ет шығаратын жаңа өндіріс орны алдағы қазан айында толық іске қосылады. Кәсіпорында күніне 50 бас мал сойылып, жылына 1 мың тонна өнім өндіріледі деп күтілуде.

ҚАЙРАТ ЖИЕНБАЕВ, УЧАСКЕ БАСШЫСЫ:

 - Мына жақта мал сойылады. Мына жерде ішек-қарын тазаланады. Мына жағында тері қоймасы болады. Ал мына жерде тоңазытқыштар бар. Тәулігіне 50 бас мал сойылады деп жоспарлап отырмыз. Болашақта шұжық және консерві цехтары болады.

Айта кетейік, ет комбинаты толық жобалық қуаттылыққа 2 жылдан кейін қосылмақшы. Сонымен қатар жалпы, Қостанай облысында бұл – ауқымды үшінші кәсіпорын.

РАСУЛ МҰҚАНОВ, КӘСІПОРЫН БАСШЫСЫ:

 - Қазір қолда бар ірі қара саны бұл кешеннің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Біз Торғай өңірінен ғана, жақын маңдағы Қарағанды, Ақмола облыстарының малдарын сатып алатын боламыз. 

Қазір кешеннің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жоспар бойынша, шұжық және консервілерді дайындауға арналған жабдықтарды монтаждау жұмыстары тамыз айының ортасында басталады. Комбинат қазан айында іске қосылады.