Көлік-логистика саласына инвестиция көлемі артты

Қазақстанның көлік-логистикалық секторында орнықты өсім байқалып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, инфрақұрылым саласының жалпы қосымша құны 4 триллион 300 миллиард теңгеге жеткен. Бұл республика Жалпы ішкі өнімінің 8,2% құрайды. Жыл ішінде салаға тартылған қаржы көлемі 37% артқан. Осы жылдың алғашқы 6 айында көлік пен логистика секторына 578,5 миллиард теңге инвестиция бағытталған. Капитал салымдарының дені Астана қаласының, Атырау және Маңғыстау облыстарының үлесінде. Energyprom.kz сайтында осындай мәлімет келтірілген.  Атап өтерлігі, бүгінгі күні республикада көлік саласында ірі жобалар атқарылуда: мұнай және газ құбырларының желісі модернизацияланып, әуежайлардың инфрақұрылымы жаңартылуда. Ақтау теңіз айлағы мен «Қорғас» құрғақ порты дамытылуда. «Жаңа Жібек жолы» панеуразиялық жобасы шеңберінде халықаралық көлік дәліздері де құрылып жатыр.