Түркістанның экономикалық дамуы

Түркістан қаласы облыстың ғана емес, бүкіл республиканың ірі өнеркәсіптік-логистикалық орталығы болуға ұмтылуда. Қалада индустриялық аймақтың аумағын 300 гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Айта кетейік, қазір мұнда ондаған кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бәсекеге қабілетті тауар түрін өндіріп отырған сондай зауыттардың бірі Қазақстан бойынша өте танымал. Түркістандық жиһаз фабрикасы жыл сайын 35 мыңға жуық жатын орын және асүй жинақтарын тұтынушыларға жеткізеді.

ӘМІРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЖИҺАЗ ФАБРИКАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз шикізатты Ресейден алдырамыз. Ламинат, фурнитуралар, барлығын. Қытайдан көп контейнермен алдырамыз, сондықтан арзан түседі. Бұрын осы жерден алатынбыз. Енді күніне 100 комплект гарнитур шығарамыз. 60 комплект ас үйдікі болса, 40 комплект жатын орындікі. Ал жылына 30-35 мың комплект гарнитур шығарамыз.

Қаланың индустриялық аймағының аумағында тағы 15 кәсіпорын бар. Олардың ішінде шетелдік инвестициялық жобалар жеткілікті. Өткен жылы Түркістан кәсіпкерлері 104 млрд теңгенің өнімін шығарды.

ӘЛІПБЕК ӨСЕРБАЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Түркістан – базарлардың қаласы деп айтып жатады. Логистикалық қала деп те айтуға болады. Жібек жолының күре тамырында орналасқан қала. Ал кәсіпкерлік саласында қызмет етіп жүргендер сүт өнімдерінен балмұздақ, қазақтың айранын, сары майын, ірімшігін шығарып жатқан цехтарын былтыр қостық. Оны алдағы уақытта үлкейтуді жоспарлап отырмыз. Яғни біз Елбасының қабылдаған мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіпкерлерге толығымен қолдау көрсетіп, жұмыстар жасалынып жатыр деген сөз.

Түркістанда бірнеше жыл ішінде өндіріс ауқымын кеңейту жоспарланып отыр. Ондаған зауыт пен фабрика салынып, шағын кәсіпкерлерді қолдау бір жүйеге келтірілмек. Суармалы жерлердің аумағын кеңейту де жоспарда бар. Жергілікті өнімдерді өткізу мәселесі қиындық туғызбайды. Сапалы тауарларға республикада да, шетелде де сұранысқа бар. Логистикалық және жүк тасымалдау жергілікті теміржол желілері мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансұлттық көлік дәлізі арқылы қамтамасыз етілмек.