Қазақстан Әзербайжанға экспортты ұлғайтты

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналым өсіп келеді. Әзербайжан мемлекеттік кеден қызметінің мәліметтеріне сәйкес, биылғы жарты жылда екі арадағы тауар айналымы 116 миллион долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 42 млн долларға өскен. Сарапшылардың пікірінше,  экономикалық өсімге 2 елдің транзиттік жобаларының жүзеге асуы тың серпін берді.

ЧИНГИЗ ИСМАИЛОВ, КАСПИЙ ЗЕРТТЕУЛЕР ОРАТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Тауар айналымы әлі де арта түсетініне сенімдімін. Өйткені екі елдің де әлеуеті мен ресурстық мүмкіндіктері зор. Қазақстан өзінің тауарларын экспорттау үшін үлкен экономикалық әлеуетке ие. Ол әлем нарығына, өзіне жақын аймаққа ғана емес алыс шетелдерге де бидай, көмір, мұнай, газ, құрылыс материалдарын жеткізіп отыр.

Айта кетейік, биылғы жарты жылда Қазақстан Әзербайжанға 93,5 миллион долллардың өнімін экспорттады. Нәтижесінде республика Әзербайжан мемлекетінің негізгі сауда серіктестерінің қатарына енді.

ВАХИД АХМЕДОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Әлеует шынымен де жоғары. Екі арадағы тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізуге болады. Қазақстан Әзербайжан секілді көмірсутек ресурстарын өндіріп, экспортқа шығарады.  Сондықтан бұл мемлекет біз үшін маңызды.  Тағы бір айта кететін жайт – екі елдің іскер топтарының байланысы күшейіп келеді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Әзербайжан еліне негізінен мұнай, бидай өнімдері мен кондитерлік тауарлар және өнеркәсіп тауарларын экспорттап отыр. Өз кезегінде Әзербайжаннан бізге тағам өнеркәсібінің өнімдері мен құрал-жабдықтар жеткізіледі. Алдағы уақытта тараптар тауар түрлерін еселей түсуге ниет білдіріп отыр. Олардың қатарын дәрі-дәрмек, сусындар және металлургия өнімдері толтыруы мүмкін.