Қазақстан мен Ресей аймақтары өзара тиімді әріптестіктерін кеңейтуде - Kazakh TV

Қазақстан мен  Ресей аймақтары өзара тиімді әріптестіктерін кеңейтуде. 2018 жылдың бірінші тоқсанында ғана Қостанай мен Челябі облыстары арасында тауар айналымының көлемі 20% өскен. Және экспорт пен импорт айырмасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Қазақстаннан Ресейге жеткізілетін  металлургия шикізаттарының үлесі жоғары. Сонымен қатар азық-түлік экспортының үлесі артып келеді.

ТАТЬЯНА КУЗНЕЦОВА, САУДА КОМПАНИЯСЫНЫҢ АЙМАҚТЫҚ МЕНЕДЖЕРІ, РФ:

 - Қазақстандық компаниямен 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеміз. Бастапқыда тек өнімді өткізумен ғана айналыссақ, енді өз сауда белгімізді пайдаланып, қостанайлық фабрикада жаңа тәттілер шығара бастадық. Ұзақ жылдар бойғы әріптестігімізде ешбір қиыншылықтар туындаған емес. Жеткізілетін тауарлардың сапасы жоғары.

Челябі қаласының ірі сауда орталықтарында қостанайлық тәттілерге деген сұраныс зор. Тұтынушыларды  кәмпиттердің дәмі  ғана емес, оның сыртқы қаптамасы да қызықтырады екен.

РАИСА САФАРОВА, ЧЕЛЯБІ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Мен банан, лимон салындысы бар карамелді жиі сатып аламын. Печенье, мармелад, мандарин бөліктері өте дәмді. Мынау қорабы сәнделген кәмпитті сыйлыққа алып тұрмын. Менің таныстарым да үнемі осында келеді.

Қазір Челябі облысының аумағында Қазақстанмен бірлескен 130 кәсіпорын жұмыс істейді. Ал жаңадан әзірленген жол картасы ынтымақтастықтың тың бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ тауар айналымының көлемін де арттырады. Жаңа келісімде нақты жобалар мен оларды іске асыру мерзімдері жазылған.

ДМИТРИЙ ГЛУХАРЕВ, ЧЕЛЯБІ ОБЛЫСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Челябі облысының даму стратегиясы бар, Қазақстанда да сондай құжат қабылданған. Экономикадағы өзгерістер сол стратегия шеңберінде жүзеге асуда. Біз мысалы, өндірістік құрал-жабдықтарды өзімізде өндіруді, цифрлық технологияны енгізуді мақсат тұтып отырмыз. Қазақстанда да осындай жаңғыртулар жүргізіліп жатыр. Сондықтан бұл тұрғыда бірлесіп жұмыс істеудің маңызы өте зор. Менің ойымша, бәрі де ойдағыдай болып, ісіміз сәтті болады.

Осы жылдың 6 айы ішінде Тобыл өңірінен Челябі облысына ұн экспорты 22% өскен. Ал отандық сүт өнімдерінің экспорты 7%, өсімдік майының көрші елге сатылымы тіпті 8 есеге өскен.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер