Бекіре зауыттары 20 жылда 140 миллион бекіре өсірген - Kazakh TV

Қазақстан ірі бекіре өндірушілер қатарына қосылуға ниетті. Осы мақсатта Атырау зауыттарында бірнеше жыл қатарынан бағалы балық тұқымдары өсіріліп келеді. Жыл сайын қорды толықтыру мақсатында әрбір кәсіпорын 7 млн балық тұқымын теңізге шығарып келеді. Ал соңғы 20 жыл ішінде барлығы 140 миллион шабақ өсіріліп, теңізге жіберілген.

МАЙРА ЗҰЛҚАШЕВА, ЗАУЫТТЫҢ БАС БАЛЫҚ ӨСІРУШІСІ:

 - Біз балықты Оралдың суында өсіреміз. Бұл олардың өзге су тоғандарында тез бейімделіп, кейін теңізге жіберілгенде төзімді болу үшін жасалады. Мына шабақ жақсы салмақ жинаған. Осының арқасында теңізге ол тез бейімделіп кетеді.

Бүгінде өңірлердегі балық өндіруші зауыттарда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Заманауи, ең бастысы, тиімді өндіріс табысты бекіре өсірудің негізгі факторы болып келеді.

ӘДІЛГЕРЕЙ ҚАЙРАЛАПОВ, АРДАГЕР ИХТИОЛОГ:

 - Ғалымдардың айтуынша, 1-1,5 пайыз промбазаға үлкен балық болып кері келеді екен. Бізден 150 млн-дай шабақ кетті деп есептейміз. Сонан 150 мың дана балық қайтадан келуі керек. 

Зауыттарда жаңғырту жұмыстары толықтай жүргізілгеннен кейін, тұйықталған сумен жабдықтау жүйесі орнатылады. Бұл судың температурасын реттеуге мүмкіндік береді. Жаңа технологияның негізінде балық өсірушілер теңізге 7 млн емес, 12 млн шабақ жіберуді жоспарлап отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер