Қазақстан транзиттік әлеуетін артырып келеді - Kazakh TV

Қазақстан транзиттік әлеуетін артырып келеді. 2020 жылға қарай жүк тасымалының көлемін 2 миллион контейнерге дейін жеткізу межеленіп отыр. Бүгінде қытайлық тауарлардың дені Еуропаға еліміз арқылы жеткізіледі. Өйткені Ляньюньган шығатын поездар Орталық Азия мен Турцияны басып өтеді. Кері бағытта да аспан асты елінің Чэнду қаласына жүктердің көп бөлігі «Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ портынан барады. Бұл кешенді дәліздік желіде Қазақстан маңызды логистикалық торап саналады.

ГАУХАР ТАПЕЛОВА, «KTZEXPRESS» АҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Бұл сервистік орталық жылдам жеткізуді қажет ететін жүктерге арналған. Бұл негізінен – электроника жабдықтары, сән индустриясы және халық тұтынатын тауарлар.

Қазақстан көліктік-логистикалық инфроқұрылымын жаңғырту мақсатында 30 миллиард доларға жуық қаржы бағыттаған. Нәтижесінде ел аумағымен қатынайтын жүк поездардың жылдамдығы тәулігіне 1100 километрге дейін ұлғайып отыр. Мәселен, Қытайтың Оңтүстік-Шығыс өңірінен жөнелтілетін жүк 15-17 күн ішінде Ұлыбританияға жететін болды. Алдағы жылдары жылдамдықты 1500 шақырымға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл орайда ел ішінде және шекара сыртында жаңадан логистикалық орталықтардың ашылғанын айту керек. Ляньюньган портында оналасқан жаңа желі аумағы 220 мың шаршы метрді алып жатыр. Терминалды-логистикалық орталық отандық өнімнің Қытай және Оңтүстік-Шығыс Азия нарығына шығуына жол ашты. 

САБЫРЖАН ЕРЖАН, «KTZEXPRESS» АҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

 - Бүгінгі таңда қазақстандық астықты жөнелту бойынша тиісті жұмыстар  белсенді түрде атқарылып жатыр. Ляньюньган – 2016 жылы Қытай Халықтық Республикасындағы бидайды транзит арқылы  тасымалдау құқығын алған жалғыз порт.  

Қазіргі уақытта Қытаймен шекаралас «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін сауда аймағы мен Астана мен Шымкентте, Ақтау және Құрық порттарында қазақстандық терминалдар орнатылған. Дәл осындай орталық Ресейдің Мәскеу облысында бой түзеуде. Сондай-ақ Үндістан мен Иран елдерінде салу жоспарланған. Сарапшылардың айтуынша, теңізге шығу жолы жоқ республика әлемге бұл көліктік тығырықты айналып өтудің нақты шешімдерін ұсынып отыр.  Осылайша Қазақстан ірі халықаралық транзиттік хаб ретінде танылып келеді.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер