Қазақстандық кәсіпорындар экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуде. Шымкенттегі индустриялық аймақта орналасқан жаңа зауыт тұңғыш рет пластик есік-терезенің барлық қосалқы бөлшектерін шығара бастады. Жаңа зауыттың өніміне қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шетелдер, әсіресе Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінің кәсіпкерлері қызығушылық танытып отыр. Орталық Азия республикаларының бизнесмендері шымкенттік өнімдерді үлкен көлемде сатып алуға ниет білдіріп отыр.

ИБРАГИМ ХАСАНОВ, КӘСІПКЕР, ТӘЖІКСТАН:

 - Бұл өнімдердің бір жақсысы – біздегі аптап ыстыққа төзімді, әрі суыққа да шыдамды. Сапасы өте жақсы.

Мамандардың айтуынша, мұнда отандық шикізатты ұнтақ тәрізді металл күйінде сатып алып, оны өздері құйып, дайын өнім ұсынады. Бұған дейін есік-терезеге қажетті бөлшектер Түркиядан әкелінетін. Кәсіпорын жылына 6 миллион дана қосалқы бөлшек шығаруға қауқарлы. Ең озық үлгідегі технологиямен жабдықталған жаңа зауыт сапалы өнім дайындауға мүмкіндік береді. Бағасы да қолжетімді.

АБОС ИСРАИЛОВ, КӘСІПКЕР, ҚЫРҒЫЗСТАН:

 - Нарықта ол бәсекеге қабілетті. Қазіргі таңда, біз түрік өнімдерін, қазақстандық тауарларға алмастыра бастадық.

НҰРҚАСЫМ АҚЫЛБЕКҰЛЫ, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫ:

 - Цинк, алюминий, мысты аламыз, содан замак деген материал жасап шығарамыз. Сол замактан құйып жасаймыз. Бұндай өнімді толыққанды шығаратын зауыттар біздің Қазақстанда әзірге жоқ.

Отандық өнімге деген жоғары сұраныс қуаттылықты 2 есе арттыруға мүмкіндік береді.  Күзде мұнда екінші цехты іске қосу жоспарда бар. Дайын өнімді қазақстандық нарықта өткізіп қана қоймай, сонымен бірге Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға  да экспорттауға ниетті.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер