Астана Hub мүмкіндіктері

Астана Hub – озық идеялар ордасы. Интерактивті шыны, мүгедектерге арналған робот арба және құбыр тазалайтын таптырмас құрылғы. Бұларды қазақстандық жастар ойлап тапқан. Жаңа орталық – дарындылардың басын қосып, бағыт-бағдар беретін, жол көрсетіп, қолдау жасайтын арнайы орын. Мұнда жергілікті  стартапшылармен қатар шетелдіктер де келіп, бір-бірімен тәжірибе алмасады.

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ:

 - Astana Hub әлемдегі тың технологиялар мен дарынды мамандар жиналатын үлкен  орталыққа айналады деген сенімдемін. Жобаны іске қосу арқылы біз Мемлекет басшысының Қазақстанды цифрлық-инновациялық шешімдер орталығына айналдыру туралы идеясын жүзеге асырамыз. Бұл адамзат капиталына тұрақты инвестиция салу арқылы ғана орындалатыны белгілі. Хабтың жұмысын жандандыруды одан әрі де жалғастыра береміз.

Технопарк инвесторлар, корпорациялар, мемлекеттік органдармен жұмыс істеуге жағдай жасайды. Бүгінде Астана Hub халықаралық IT-стартап технопаркінде 150 жоба бар. Соның 40-тан астамы таныстырылды.

БАУЫРЖАН БОЛАТҰЛЫ, ЖОБА АВТОРЫ:

 - Қарапайым әйнектің бетіне информация шығаруға болады. Мысалға музейлерде экспонаттарды, құнды жәдігерлерді адам қолын сұғып, ұстауға болмайды. Сол себепті оның бетіне әйнек қойылған. Бұл әйнекті біз одан сайын жаңалап, сол жердегі экспонат жайлы информация беруге болады.  Мысалы, біреудің қылышын саламыз. Сонда бұл қылышты адам өзі көріп тұрады да және оның бетіне бұл қылыштың кімдікі екені, қай жылы шыққандығын білуге болады.

Стартаптарды қолдау бағдарламасы – кешенді жоба. Оған қатысушыларға жұмыс істейтін орын, сарапшылардың кеңесі, білім беру курстары, тіпті инвестициялар тартуға тегін жағдай жасалады. Одан үздік шыққандар Акселерация бағдарламасына қатыса алады.