Қазақстандық тамақ өнеркәсібі жаңа нарықтарды игеруде. Мысалы, Аспан асты еліне отандық май өнімдері көптеп жеткізіледі. Отандық май өндірушілер «Санфлауэр ойл» халықаралық конференциясында соңғы жетістіктерін таныстырды. Мұнда тараптар өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізді. Қазақстандық сала өкілдерінің айтуынша, бүгінде экологиялық тұрғыдан таза, сапасы жоғары әрі бағасы тиімді өнімдерімізді қытайлық тұтынушыларға кеңінен таныстыру бағытында шаралар атқарылуда. Соның ішінде, өнімдер сала бойынша топтастырылып, ортақ брендтердің астына біріктірілген. Айта кетейік, май өнімдерін импорттау көлемі бойынша Қытай  Үндістаннан кейінгі екінші орында. Халық Республикасы жылына шамамен 1 миллион тонна майды сыртқы нарықтардан сатып алады. 

ӘСЕЛ ЕРҒАЛИЕВА, САТУ ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕР:

 - Біз зығыр, күнбағысты өзіміз өсіріп, өнімді өзіміз өндіреміз. Зауытымызды осыдан 3 жыл бұрын аштық. Қазір Қытайға зығыр майын жеткізуші ірі экспорттаушы компания болып табыламыз.  Көбінесе өнімдерді Шыңжан сатып алады. Сондай-ақ, Шанхайда орналасқан компаниялармен де жұмыс істейміз.

Алдағы уақытта қазақстандық экспорттаушылардың әлеуетті серіктестерінің тізімі толыға түседі деген сенім мол. Бұған күз айларында Қытайға жоспарланған сауда миссиялары сеп болмақ.

НҰРАЛЫ БӨКЕЙХАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ СЫРТҚЫ САУДА ПАЛАТАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - 2 сауда миссиясын өткізу жоспарланып отыр. Оның бірі қыркүйекте Сиань қаласында өтеді. Жалпы, Қытай нарығына 50 қазақстандық компанияны шағармақ мақсатымыз бар. Қытайлық бір компаниямен қол қойылған келісім аясында қазақстандық кәсіпкерлерге Сиань қаласындағы ірі сауда орталығында 5 мың шаршы метр болатын сауда алаңы және 10 мың шаршы метр қойма алаңы беріледі. Ал қазан айында Гонконгқа сауда миссиясы ұйымдастырылмақ.

Қытай тарапының дайын ауылшаруашылық өнімдеріне деген қызығушылығы жоғары. Аспан асты еліне жеткізілетін қазақстандық экспорттың құрамындағы оның үлесі жыл санап артып келеді. Бүгінде отандық кәсіпкерлер Қытайға ұн, бидай, соя, күнбағыс майын, балық және тоңазытылған қой етін жөнелтіп отыр. Болашақта сиыр етін жеткізу жоспарлануда. Қытай органикалық өнімдердің ірі тұтынушысы болып табылады. Жыл сайын аспан асты елі 115 млрд. долларға азық-түлік сатып алады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер