Астанада «Astana Finance Days» халықаралық қаржы конференциясы өтуде

Қазақстан елордасында «Astana Finance Days» халықаралық қаржы конференциясы өтуде. Жаһандық қаржы, халықаралық капитал нарықтары, ислам экономикасы, жасыл өсім сынды барлығы 7 негізгі тақырып әлемнің 40 елінен келген спикерлердің талқысына ұсынылып отыр. Олардың қатарында шет мемлекеттердің басшылары, Нобель және Пулитцер сыйлықтарының иегерлері, халықаралық қаржы институттарының жетекшілері бар. Сонымен қатар «Astana Finance Days» халықаралық қаржы конференциясы аясында цифрлық бастамалар көрмесі де ұйымдастырылып отыр. Мұнда шетелдік және отандық компаниялар өздерінің қаржы саласындағы техникалық шешімдерін ұсынуда. Криптовалютаны қауіпсіздендіруге мүмкіндік беретін жобалар да таныстырылды. Сондай-ақ виртуалды сейфтер мен банктер, интернетсіз жұмыс істей алатын олардың кілттері және блокчейн биржалары да ұсынылды.

ДӘУРЕН ҚАЙСАРОВ, ASTANA FINANCE DAYS ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:

 - Мұнда келген әр адам робот геноидтармен тілдесуден бастап, блокчейн технологиясының болашағы сияқты әлемдік деңгейдегі сұрақтарға жауап таба алады. Блокчейнді ойлап табушылардың сенімі ақтала ма? Әлемнің ең үздік құқықтанушылары да осында жиналып отыр. Бұл – әлемдік қаржы орталықтарымен тең түсуге мүмкіндік беретін ағылшын құқығын Қазақстанға, ТМД-ға әкеліп отырған мамандар.