«Астана» халықаралық қаржы орталығы ислам жүйесі жұмысын жандандыруға жол ашады. Сарапшылардың пікірінше, қазір араб елдерінің көптеген компаниялары қазақстандық жобаларға қызығушылық білдіріп отыр. Өзге орталықтармен бәсекеге төтеп беру үшін орталықта маман мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта былтыр Кәсіби даму бюросы іске қосылған. Енді мамандардың бірқатары тәуекел-менеджменті бойынша, енді біразы дәл осы исламдық банкинг бойынша білімдерін жетілдіреді.

ЕРНҰР РЫСМАҒАМБЕТОВ, АХҚО БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ, ӘКІМШІЛІК БАСҚАРМА МҮШЕСІ:

 - Бұл саланың табысты жұмыс істеуі үшін тұтас эко-жүйе керек. Сол үшін де біз исламдық қаржыландыру, депозит, сақтандыру бойынша тиісті мамандарды дайындауға көңіл бөліп отырмыз.

Осы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда жұмыс істейтін 2 ірі ислам банктерінің жиынтық капиталы 42 миллиард теңгеге жеткен. Елімізде бұдан басқа ислами шарты бойынша қаржыландыратын тағы бірнеше лизингтік компания жұмыс істейді. Олардың үлестері көп емес. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, Қазақстанда исламдық банктердің өсуіне және олардың жаңа өнімдерін ұсынуына барлық жағдай бар.

ЕЛТАЙ МҰХАМЕДЖАНОВ, ИСЛАМДЫҚ БАНК БАСҚАРМАСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Ислам қағидаттарына сай борышкерлермен тәуекелді теңдей бөлеміз. Ең басты шарты – ислам қағидаларына жат нәрселерді қаржыландырмау. Қазір сұранысқа ие банк өнімдері туралы айтсақ олар тауарлы мурабаха мен иджара. Бұл лизингтің баламасы ретінде саналады.

Исламдық банктердің біздің елдегі негізгі клиенттері – корпоративті сектордың өкілдері. Дегенмен былтырдан бастап жеке тұлғаларға да қызмет көрсете бастады.

ШАЙМЕРДЕН ЧЕКАНОВ, ЗАҢГЕР, ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫ:

 - Қазір исламдық қаржыландыру қағидалары негізінде депозит ашуға болады. Сондай-ақ осы ережелер бойынша алдағы уақытта ипотека беріле бастайды. Бұл тұтынушыларға тартымды болуы мүмкін.

Айта кетейік, Қазақстан – исламдық қаржыландыру құралдары 10 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан –ТМД-дағы жалғыз ел.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер