Еуропаның ең беделді қаржы орталықтарының бірі Швейцария «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен серіктестік орнатуға қызығушылық танытып отыр. Орталық жұмысының негізгі бағыттары және ондағы қолайлы іскерлік ұсыныстары Цюрихте үздік швейцариялық компаниялардың өкілдеріне таныстырылды. Швейцария халықаралық қаржы ағындары үшін маңызды транзиттік пункт екені белгілі.  Ал франк – әлемдег негізгі резервтік валюталардың тізімінде. Дәл осы себепті «Астана» халықарлық қаржы орталығының алдыңғы қатарлы швейцариялық қаржы институттарымен серіктестік орнату маңызды рөлге ие.

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Швейцарияда мұндай орталықтың бірнешесі бар. Ол Цюрих, Женева және Базель. Сондай-ақ Швейцарияның Ұлттық банкі, жаһандық активтерді басқаратын UBS, UBP, Pictet банктері, «Credit Suisse» атты инвестициялық және «Julius Baer» сынды жекешелендірілген қаржылық ұйымдар бар. Олар біздің ұлттық банктер және екінші деңгейлі қаржылық институттарымен бұрыннан бірлесе жұмыс істеп келеді. Болашақта өз өкілдіктерін ашуға ниеттеніп отыр.

МАССИМИЛИАНО КАСТЕЛЛИ,  UBS GLOBAL ASSET MANAGEMENT БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз Қазақстан аумағында жұмыс істеп жатырмыз. Енді «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысын бақылайтын боламыз. Қазақстанның экономикасы мен банк жүйесі айтарлықтай дамыған. Демек, болашаққа бірлесе жоспар құру үшін қолайлы әрі тұрақты мемлекет. Бүгінде Еуропа мен Азия арасы алыстаған. Осы орайда Астана маңызды рөл ойнайтындығына сенеміз.

Қаржы орталығында соңғы 2 жылда көптеген дайындық жұмыстары жүргізілді. Ағылшын құқық жүйесі аясында 50-ге жуық нормативтік құқықтық акт қабылданды. Бұл – Лондон, Дубай, Сингапур және Гонконг сынды ауқымды қаржы орталықтарының үздік тәжірибесі. Мамандардың айтуынша, орталықтың ресми түрде іске қосылуына барлық қаржы институттарын реттеуші агенттік пен жекешелендіру үдерістерін жүргізуге арналған Қазақстан қор биржасы да дайын. Бұл платформа Nasdaq американдық компаниясы және Шанхай қор биржасымен бірлесіп құрылған.

ХАНС БИШОФФ, ГЕРМАНИЯДАҒЫ «КAZAKH INVEST» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Еуропалықтар үшін Қазақстанның инвестициялық климаты өте жақсы. Инвесторлар үшін  барынша жағдай жасалған. Ол – төмен салық, қауіпсіз және ауқымды нарық. Шілде айында Қазақстанға инвестиция салуды жоспарлап отырған неміс кәсіпкерлер делегациясымен Астанаға баруды жоспарлап отырмын.

Конференцияға қатысушылар мен сарапшылар Цюрих «Астана» халықаралық қаржы орталығының Еуропадағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі боларына сөзсіз сенім артты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер