Орталық Азия елдеріне инвестиция тарту

Қазақстан еуропалық инвесторлар үшін Орталық Азияға жол ашар мемлекет. Астанада Польша елінің инвестиция және сауда агенттігінің бөлімшесі ашылды. Орталық аталмыш мемлекет пен аймақтағы елдер арасындағы тауар айналымы мен экономикалық жобалардың жүзеге асуын қадағалайды. Агенттіктің елімізде құрылуы бекер емес. Себебі Жібек жолы бойындағы Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасының аса маңызды торабы саналады.

Тараптар экономикалық форумда бас қосып, алдағы уақытқа жоспар құрды. Бұл орайда елдеріміздің өзара алыс-берісі, барыс-келісі жыл санап дамып келеді. Биылғы  жылы Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы 310 млн. АҚШ долларын құраған. Осылайша бұл бағыт өткен жылмен салыстырғанда 2,5  есеге артып отыр. Жиынға 30-дан астам шетел инвесторы қатысқанын айта кету керек.

ЕРЛАН ХАИРОВ, ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ ИНВЕСТИЦИЯ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Елімізге құйылған польшалық инвестиция көлемі 200 млн АҚШ долларынан асып жығылады. Қазақстан тарапы өз кезегінде осы аралықта Польша экономикасына 25 млн АҚШ доллар қаржы салды. Қазір химиялық тауарлар, минералды шикізат пен тау-кен өндірісі саласының өнімдерін жеткізу бойынша келісімдер жүргізіп жатырмыз.

ТАДЕУШ КОСЦИНСКИЙ, ПОЛЬШАНЫҢ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Менің ойымша, қос мемлекет арасындағы тауар айналымының көрсеткіші жақсы дамып келе жатыр. Бұл бағыт жыл сайын 70% артуда. Қазақстаннан Польшаға мұнай мен сұйық газ экспортталады. Ал біздің елден көбіне көліктер, азық-түлік тауарлары жеткізіледі. Елдеріміздің ынтымақтастық әлеуеті зор. Енді ғана дұрыс жолға қойыла бастаған екі жаққа да тиімді инвестициялық мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек. Осындай кездесулер әріптестігімізді жандандыра түсетініне сенімдімін.

Жақын арада Польша елінде инвестицияны қолдау туралы заң күшіне енеді. Тадеуш Косцинскийдің айтуынша, құжат тараптардың экономикалық байланысын одан сайын бекемдей түседі. Сондай-ақ форум аясында Польша-Қазақстан сауда өндірістік палатасы мен Павлодар облысының инвестицияларды тарту агенттігі арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды. Айта кетейік, бүгінгі таңда ел аумағында Қазақстан-Польша мемлекеттері бірлесе құрған 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Тараптар ақпараттық сала төңірегіндегі байланысты дамытуды көздеуде. Екі жақты тың жаңалықтармен «Kazakh TV» арнасы арқылы бөлісу жайында уағдаластық жасалып отыр. Бүгінде 34 мың поляк елімізде мекен етеді.