Қазақстан мен Қытайдың ауылшаруашылығы саласындағы тауар айналымы 20% артты - Kazakh TV

Соңғы 5 жылда Қазақстан мен Қытайдың ауылшаруашылығы саласындағы тауар айналымы 20% артты. Алып нарыққа экспортталатын отандық агроөндірістік кешеннің өнімдері 2 есеге өсті. Бұл көрсеткішті Қазақстан әлі де еселеуге ынталы. Ол үшін ауылшаруашылығы саласындағы ветеринария мен фитосанитария бойынша көп іс тындыру қажет. Стандарттау мен тамақ өнімдеріне қойылатын талаптарды тәртіпке келтіру керек. Қазір екі ел рапс майы, сүт, ет, қызанақ және басқа өнімдерді өңдейтін бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.

ХУН ЛИ, ИНВЕСТОР «CATHAY INDUSTRIAL BIOTECH»:

 - Біз Шыңжанда жылына 100 мың тонна нейлон шығаратын зауыт салуды бастадық. Оған шикізат ретінде Қазақстан бидайын пайдаланғымыз келеді. Өйткені қазақ жерінде өскен бидайдың сапасы жоғары. Дегенмен Қытайға бидай кіргізуде квота мәселесі бар. Сондықтан оны реттеуге күш салып жатырмыз.

Қытай-Еуропа-Қытай және Қытай-Орталық Азия-Қытай бағыты бойынша көліктік-логистикалық желілер жұмыс істеп тұр. Ол Қазақстанның транзиттік, экспорттық және импорттық әлеуетін арттырып келеді. Былтыр «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі құрылысының қазақстандық бөлігі аяқталды. Бұл көршіміздің Кәрі құрлыққа жетуге мүмкіндік беретін ең қысқа жол болады. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық бағдарламасы «Жібек жолының экономикалық белдеуімен» түйісіп, құрлықаралық инфрақұрылымды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Келешекте сауда-саттық пен бірлескен инвестициялардың көлемі ұлғая береді.

МЭН СИЯОСУ, ҚЫТАЙ КОРПОРАЦИЯЛАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қытай мен Қазақстан «Жібек жолы» экономикалық белдеуінің ықпалының артуына үлкен үлес қосты. Қазір аталған стратегиялық бастаманың өзектілігі мен өміршеңдігін көп ел мойындап отыр. Биыл «Бір белдеу, бір жол» бастамасына 5 жыл толды. Бастама Қазақ елі Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан қолдау тауып «Нұрлы жол» бағдарламасымен үйлесті. Осындай сәтті ұштасу  екі елдің өндірісін қарқынды дамытып келеді.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Қытайдан 16 млрд АҚШ долларынан асатын инвестиция құйылған. Ал қазір біздің елде қытайлық капиталы бар 1200-ден астам компания жұмыс істейді. Бірлескен инвестициялық жобалар машина құрастыру, мұнай өңдеу, химия, тамақ өндірісі және логистика саласында жүзеге асты.

ЛИ ЦЗЫГО, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ЕУРАЗИЯ БӨЛІМІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бүгінде қытайдың Қостанайда шығаратын автокөліктері көпшілікке танымал. Бұны екі елдің өндіріс саласындағы әріптестігін жемісі деп айта аламыз. Астанада салынып жатқан жеңіл релісті жүрдек пойыздың жолы да болашақта жұрттың игілігіне жаратылады.

Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік қарым-қатынас биыл да қарқын алады. Агроөндірістік кешен, тау-металлургия және химия өндірісі бойынша құны 2 млрд АҚШ долларын құрайтын тағы 6 жоба іске қосылмақшы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер