Қазақстанға соңғы 12 жылда 264 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылды

Қазақстанға соңғы 12 жылда 264 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылды

Қазақстанға соңғы 12 жылда 264 миллиард доллар тікелей инвестиция тартылды. Ресми ақпарат бойынша, ел экономикасына сенім артып, қаржы салып келе жатқан алғашқы ондыққа Нидерланд, АҚШ, Франция, Швейцария, Ресей және Қытай елдері кіреді. Капитал салымдарының қомақты үлесі пайдалы қазбаларды өндіру саласына тиесілі.  Соңғы жылдары шетелдік инвесторлар өңдеуші секторға да баса назар аударып келеді. Бұл, әсіресе, азық-түлік өнеркәсібі және агроөнеркәсіп кешенінде жақсы байқалады. Одан кейін металлургия, мұнай-газ, фармацевтика, туризм және машина жасау салалары келеді. Республикада жаңа жобаларды іске асыруға іскерлер тағы 7 млрд доллар бөлуге дайын. Инвесторларды еліміздегі қолайлы инвестициялық климат, салықтық жеңілдіктер мен преференциялар қызықтырып отыр.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ:

 - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттары мен халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, Үкімет инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында тұрақты негізде жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде инвестициялық климат айтарлықтай жақсарған. 2017 жылдың шілде айынан Қазақстан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының инвестициялар жөніндегі Комитетінің мүшесі атанды. Соңғы 6 жылда заңнаманы ұйым стандарттарына сәйкестендірдік. Яғни рұқсат беру жүйесін жеңілдеттік, салық, кедендік бақылау, көші-қон салаларындағы заңнаманы жетілдірдік.

Ресейлік компаниялардың бірі Алматы облысында жылдық қуаты 100 тоннаға жететін жағармай материалдарын шығаратын зауыт құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Онда өндірісте пайдаланылатын сандық элементтер қолданылады. Сарапшылар атап өткендей, қазақстандық мұнай және газға әлемдік нарықта сұранысқа жоғары.

БЕН ВАН БЕРДЕН, «РОЯЛ ДАТЧ ШЕЛЛ ПЛС» КОНЦЕРНІНІҢ БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - 2050 жылға дейін әлемнің бүгінгі мұнай мен газға деген тәуелділігі 85% құрайтын болады. Сондықтан қазақстандық мұнай мен газға деген сұраныс әлі ұзақ уақыт сақталатыны анық. Бұған қоса, Қашаған, Қарашығанақ және өзге де кен орындарында бірлесе жұмыс істеу бәріміз үшін ұзақ мерзімді қажеттілік болатыны сөзсіз.

ДЖЕЙ ДЖОНСОН, «ШЕВРОН» КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Қазақстан сияқты біздің компания да бизнестің қайтарымдылығы мен құнын арттыратын цифрлық мүмкіндіктерді анықтау мақсатында 3 жылдық жоспар жасады. Процестерді автоматтандыру, блокчейн технологиясын пайдалану, осының барлығын біз «Теңізшевройлда» енгізуді көздеп отырмыз.

Айта кету керек, Қазақстанның инвесторларының тізімінде бүгінде 120 мемлекет пен халықаралық ұйымдар бар.