Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы халықаралық ынтымақтастықтың тиімді құралына айналып келеді. Оның аясында қазақ-қытай қатынасы жаңа деңгейге көтерілді. Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы көршімізге экспортталған тауар көлемі 36,6% өсіп,  5 млрд 770 млн долларға  жеткен. Ал екіжақты тауар айналымы 11 миллиард АҚШ долларына жуықтады. Бұл көрсеткішті 2020 жылға қарай 40 миллардқа жеткізу көзделіп отыр. Қытайдың Даму және реформа жөніндегі мемлекеттік комитетінің Төрағасы Хэ Лифэн «Бір белдеу, бір жол» бастамасының 5 жылдығында Қазақстан мен Қытай өзара тиімді, әрі табысты әріптестікке қол жеткізді деген пікірді айтады.

ХЭ ЛИФЭН, ҚЫТАЙ ДАМУ ЖӘНЕ РЕФОРМА ЖӨНІНДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Назарбаев Университетінде Төраға Си Цзиньпиннің Ұлы Жібек жолын жаңғырту туралы айтқанына да, міне, 5 жыл толды. Осы уақыт аралығында екі елдің ынтымақтастығы барлық салада экономика, логистика, инфрақұрылым және мәдени жағынан тереңдей түсті. Біздің халқымыздың Қазақстан туралы түсінігі артты.

Бүгінде Қазақстан – ТМД-дағы Қытайдың Ресейден кейінгі екінші экономикалық серіктесі. Мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі достық әріптестігінің нәтижесінде өзара қарым-қатынас жылдан жылға нығайып келеді. Биыл тараптар жалпы құны 2 миллард АҚШ долларына жуықтайтын 6 жобаны іске қоспақ.

Қазақстан мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберіндегі ынтымақтастығы сан саланы қамтиды. Жақында «Жібек жолы» бағдарламасы аясында қазақстандық өнертапқыштар Қытайдың 17 ірі компаниясына бірегей жобаларын таныстырды. Шетелдік бизнесмендерге «Инновациялық технологиялар паркінің» қамқорлығымен құрылған тың бастамалар ұсынылды.

АСҚАР СЕМБИН, «ИТП» АКҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Астанада шілденің 2-3 күндері «Жібек жолының мегаполистері» деген форум өтеді. Бізді Қытайдың экологиялық стандарттар, тұрақтылықты сақтау бағытындағы тәжірибесі қызықтырады. Мысалы, оларда электомобильдерге ауысу, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жақсы бағдарламалары бар. Бізді негізінен көлік кептелістерінен арылу, ғимараттардың құрылыс мерзімін қысқарту сынды мәселелердің қалай шешілетіні қызықтырады. Қытайдың бұл салаларда мемлекеттік бағдарламалары бар.

Еске салсақ, «Ұлт жоспары» аясында Инновациялық технологиялар паркі трансұлттық корпорациялармен әріптестікте Индустрия 4.0., жаңа материалдар, қаржы технологиялары салаларында салалық Технологиялар орталықтарын құрып жатыр. «Startup Kazakhstan» бағдарламасы аясында жергілікті және ТМД елдерінен 50-ге жуық инновациялық стартап іріктеліп алынды. Олардың әрқайсысына 20 мың доллардан қаржы бөлінді. Бұл жобалар келесі жылы толық қуаттарына шығады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер