Қазақстан мен Еуропалық Одақтың стратегиялық қарым-қатынасы

Қазақстан мен Еуропалық Одақтың стратегиялық қарым-қатынасы

Қазақстан мен Еуропалық Одақтың стратегиялық қарым-қатынасы әр түрлі саланы қамтиды. Тараптардың ынтымақтастығы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық келісімі шеңберіндегі 29 негізгі сала бойынша жүргізілуде. Солардың бірі – «жасыл» экономиканы дамыту.  Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы мемлекет басшысының бастамасы бойынша Қазақстанның жасыл экономика үлгісіне көшу жөніндегі ұлттық тұжырымдамасы қабылданған. Бұл бастаманы Еуроодақ қолдап, 7 миллион еуро қаржы бөлді. Ал БҰҰ тұжырымдаманы іске асыруға көмек берді. Жоба осыдан 3 жыл бұрын қолға алынып, биыл күз айында толығымен аяқаталады деп күтілуде. Ол бірнеше бөліктерге бөлінген, яғни 4 пилоттық жоба, жергілікті жерлерде 14 грант пен 3 стартап бар.

ГҮЛЖАМАЛ ИСАЕВА, БҰҰ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖОБАСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

- Ақтөбеде 2 су қоймасы бар. Олар – Қарғалы және Ақтөбе су қоймалары.  Қарғалы су қоймасы үлгісінің негізі ретінде біз бизнес-жоспар жасап, кіші ГЭС орнаттық. Нәтижесінде тегін энергия алуға мүмкіндік туды. Енді мұнда рекреациялық бизнес пен жылыжай, тоған шаруашылығын дамыту көзделуде.   

Ал Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы Ақши ауылында  энергия үнемдейтін технология жобасы іске асырылды. Ауылдағы балабақша мен мектепте сенсорлық суағарлар мен сантехникалық жүйе орнатылды. Бұл технология құбырларда жиналатын қалдық заттар көлемін едәуір азайтады. Ал құбырдағы су 3 қайтара тазартылады да, автоматтандырылған жүйе негізінде өсімдіктер суарылады. Сонымен қатар аумақта күн арқылы су жылытқыш құрылғылар орнатылған. Жобаның екінші бөлігі дренаж жүйесін қайта жаңғыртуға бағытталған. Яғни ол арқылы су жиналып, оның тегіс бетке шығуына мүмкіндік бермейді. Ақшидан шалғай жерде ылғал жиналатын 2 үлкен тоған жинағыш құрылысы жүргізілуде. Бұл жерде 10 жылыжай салынып, ауыл тұрғындары гүлдер мен көкөністер өсіре алады.

ГҮЛЖАМАЛ ИСАЕВА, БҰҰ ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖОБАСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:

- «Startup Bolashak» аясында біз 50 000 еуро көлемінде қолдау көрсеттік. Гранттық жобасы 600, 000 еуроны құраса, пилоттық компонентке 3 млн еуро бөлінді. 

Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы қарым-қатынас жылдарында, ал бұл ширек ғасырды құрайды, жалпы құны 180 млн еуро құрайтын 350 жоба жүзеге асырылыпты. Біздің еліміз Еуроодаққа мұнай-газ секторын, сондай-ақ басқа да пайдалы қазбалар, химиялық заттар, азық-түлікті экспорттаумен белгілі. Ал өз кезегінде Еуропалық Одақ көлік жабдықтарын, фармацевтикалық дәрі-дәрмек, медициналық жабдықтар, жиһаздарды импорттайды.