Қазақстандағы инвестициялық климат

Қазақстандағы инвестициялық климат

Қолайлы инвестициялық климат және экономикалық тұрақтылық – шетелдік кәсіпкерлерді елімізге тартуда басты факторлардың бірі. Инвесторлар еліміздің нарықтары қарқынды түрде дамып келе жатқан Қытай және Ресей елдерімен шекаралас жатқандығы – бәсекелестіктегі артықшылық деп санайды. Мәселен, Қытай Халық Ресбуликасы кәсіпкерлері «Павлодар» арнайы экономикалық аймағымен білек жұмылдыра еңбек етуге мүдделі. Олар қыздырылған мұнай коксын үлкен көлемде сатып алуға ниет білдірді. Оны Шыңжаң-Ұйғыр автономды округінде орналасқан алюминий зауыты жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ аспан асты елі кәсіпкерлері жергілікті агрохимиялық өндіріс кешені мен тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына қызығушылық танытты. Қытай кәсіпкерлері экологиялық таза әрі табиғи өнімдерді сатып алуға ниетті.

ЧЕН ГАН, EYEMA КОМПАНИЯCЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Кокс шығаратын өндірістің жұмысымен таныстық. Синьцзянда жылына 3 миллион тоннадай алюминий шығаратын зауыт бар. Оған үлкен көлемде кокс керек болады. Біз Павлодар облысынан жылына 100-150 мың тонна кокс сатып алуға дайынбыз. Азық-түлік тасымалымен айналысуға да мүмкіндік мол.

АЙБЕК ТҰРСЫНҒАЛИЕВ, «ПАВЛОДАР» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - Қытай елі кәсіпкерлерін біздің жобаларымыздың барлығы қызықтырады.  Жақын арада қос тарап арасында ұзақ мерзімді кәсіби байланыс орнайды деген үмітіміз бар.

Бірлескен кәсіпорындар құруға түрік ағайындары қызығушылық танытуда. Өткен жылы Қазақстанда жалпы сомасы 660 млн доллар құрайтын 15 жобаны іске асыруға осы елдің 12 ірі инвесторы шешім қабылдаған. Сондай-ақ түрік кәсіпкерлерін республикамыздың агроөнеркәсіптік секторының әлеуеті қызықтыруда.

ФАРУК ЕРОГЛУ,  «AGROBEST» КОМПАНИЯСЫ БАСҚАРМА КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:  -

 - Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына инвестиция салуды көздеп отырмыз. Осы мақсатта бізге Алматы облысы, Қайрат ауылынан 5 гектар жер берілді. Онда инфрақұрылым мәселелері шешімін тапса, биыл құрылыс пен монтаждау жұмыстарын бастаймыз.

ИБРАХИМ ОКУМУШ, ТҮРІК-ҚАЗАҚ КӘСІПКЕРЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТҮРКИЯДАҒЫ ӨКІЛІ:  

 - Қазақстанда жасалған өнімдер баж салығынсыз және кедендік кедергілерсіз 180 миллиондық нарыққа шығу мүмкіндігі жергілікті және шетелдік кәсіпкерлерді ынталандыруда. Қазақстанда инвесторлар үшін әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған. Қазір біз 5 шілде күні Астана қаласында Қаржы орталығының ашылу салтанатын тағатсыздана күтіп отырмыз. Өйткені бұл орталық Қазақстан экономикасының қозғаушы күшіне айналуы бек мүмкін.

Ресми мәліметтерге сәйкес, бүгінгі таңда Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен жалпы сомасы 1 миллиард 400 миллион долларды құрайтын 32 жоба жүзеге асырылды. Құйылған қаражат құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі және машинақұрастыру салаларына бағытталған.