Қазақ-өзбек кәсіпкерлері бірлескен кооперация құрып, ортақ өнімді өзге мемлекеттерге шығармақ. Екі елдің іскер топ өкілдері Шымкентте өткен халықаралық қазақ-өзбек бизнес-форумда осындай мәмілеге келіп,  бірнеше келісімге қол қойды. Мақсат Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы іскерлік байланыстарды нығайтып, экспорт пен импорт көлемін ұлғайту. Бауырлас елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығын арттыру қос тарапқа да тиімді дейді кәсіпкерлер. 

УСМОНЖОН КАМОЛОВ, КӘСІПКЕР /ӨЗБЕКСТАН/:

-  Біз өндірістік бұйымдармен айналысамыз, арнаулы жұмыс киімдерін тігетіндіктен, бүгін осы ұсыныспен келіп отырмыз. Бізге екі ел арасындағы экономикалық қатынас орнату үшін барлық жағдай жасалған. Мен бүгін келісім-шарт жасастым.

ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ, ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Өзбекстан – Орталық Азиядағы Қазақстанның негізгі стратегиялық әріптесі. Екі ел арасындағы сауда айналымы жылдан-жылға артып келеді. Екі елдің көшбасшылары биыл сауда айналымын 3 млрд долларға жеткізуді, ал 2020 жылға қарай 5 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуды тапсырды. Сондықтан екі елдің кәсіпкерлеріне нақты қолдау көрсету қажет.

Өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда айналымы 2 млрд долларға жеткен. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 32 пайызға жоғары. Ал, Оңтүстік Қазақстан облысының көрші елмен арадағы өзара сауда байланысы 12 пайызға артып, 623 млн долларды құрап отыр. Бұл көрсеткіш форумнан кейін арта түседі, - дейді шараны ұйымдастырушылар. Өйткені қазақстандық экспорттаушылар үшін 35 млн-дық өзбек нарығына жол ашылады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер