Қазақстан мен Ресей өңірлері өзара ынтымақтастықты тереңдетуде

Қазақстан мен Ресей өңірлері өзара ынтымақтастықты тереңдетуде

Қазақстан мен Ресей өңірлері өзара ынтымақтастықты тереңдетуде. Екі елдің Ақтөбе мен Орынбор облыстары әріптестіктің жаңа бағыттарын іздеуге ден қойды. Өткен жылы қазақстандық өңірдің Ресеймен тауар айналымы 1 миллиард АҚШ долларынан асып жығылған. Оның басым бөлігі Орынбор облысына тиесілі. Нақтырақ айтқанда, шекаралас аймақпен 89 миллион 500 мың АҚШ долларына сауда-саттық жасалыпты. Ақтөбеде өткен Орынбор облысының күндері аясындағы кездесуде осындай мәлімет айтылды.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Облыс губернаторы бастап келген үлкен делегациямен Ақтөбеде жүздесу көршілес орналасқан екі облыстың экономикасына жаңа дем береді деп ойлаймын. Біз өңірдің басшылары ретінде жаңа белестерге жету үшін жағдай жасайтын боламыз.

Қос тарап арасында ондаған келісімшарт пен меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, ақтөбелік мұнай жабдықтары Орынбордағы Тюльган машина жасау зауытына жеткізілетін болды. Ал Ресей тарапы жергілікті рельс аралық зауытына болат жеткізілімдерін ұлғайтады.

ЮРИЙ БЕРГ, РФ ОРЫНБОР ОБЛЫСЫНЫҢ ГУБЕРНАТОРЫ:

 - Орынбор облысында қазақстандық капитал бар. Ал орынборлық қаражат Ақтөбеде де инвестиция ретінде орын тапқан. Ақтөбенің қарыштап дамып келе жатқандығы байқалады. Бүгінгі кездесуде көптеген салалар бойынша тәжірибе алмасуға сәті түсті. Сол үшін алғысымды білдіремін.

Өзара тиімді қарым-қатынас әлеуметтік салада да жалғасын тапқан. Жүзден астам ақтөбелік бүлдіршін жазғы демалысты Орынбордың лагерінде өткізсе, көршілес өңірдің бүлдіршіндері алдағы 3 айда Ақтөбеге қонаққа келеді.