Қазақстан 2025 жылға дейін мұнай өндіру көлемін 104 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр - Kazakh TV

Қазақстан 2025 жылға дейін мұнай өндіру көлемін 104 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Елімізде тек өткен жылы 86,2 млн тонна қара алтын өндірілген. Бұл көрсеткіштегі Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған сынды алып кен орындарының үлесі көп. Алайда бүгінде 45 кен орнында барлау жұмыстары жүргізілуде. Ғылыми әдістерді кеңінен пайдаланып, инвестор тарту арқылы сала дамуына тың серпін беру көзделіп отыр. Бұл үшін заңнамалық қолдау жасалып, құқықтық рәсімдер жеңілдетілген.

ШАВХАТ ӨТЕМІСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

 - Жаңадан технологиялар енгізуіміз қажет. Ғылымның көмегі керек. Жер қойнауы туралы заң өз жұмысына енгізілгеннен соң, біз ойлаймыз инвестиция көлемі де, соның ішінде геология көлемі де өседі. Соның арқасында жаңа кен орындарын ашып, мұнайдың өндірілетін көлемін көтеруге мүмкіндік аламыз.

ГҮЛМИРА ИСИМБАЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Тау-кен және мұнай-газ саласын реттеудің жаңа тәсілдерін көздейтін "Жер қойнауы туралы" кодекс қабылданғаны, сондай-ақ өңдеуші секторға қатысты салықтық саясаттың өзгеруі – өңірлердің одан әрі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы үшін жасалатын мультипликативтік әсерін айтпағанда, мұнай газ секторының одан әрі дамуына жаңа қарқын беруге тиіс.

Сондай-ақ Қазақстан сырттан жанар-жағармай тасымалдауды азайтады. Кейін бірте-бірте нарықты отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етеді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, ішкі сұранысты өтеуге биыл Ресейден бензиннің тек 10 пайызы, дизель отынының 8 пайызы ғана әкелінеді. Оған отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуатының артқандығы сеп. Қазіргі таңда 2 зауытта модернизациялау аяқталды. Жыл соңына дейін Шымкент зауыты жаңғырту жұмыстарын бітіреді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер