АҚШ-тың Орталық Азияға тікелей бағыттаған инвестициялардың 80% Қазақстанға тартылған

АҚШ-тың Орталық Азияға тікелей бағыттаған инвестициялардың 80% Қазақстанға тартылған

АҚШ-тың Орталық Азияға тікелей бағыттаған инвестициялардың 80% Қазақстанға тартылған. Бұл – елімізде инвесторлар үшін қолайлы климат қалыптастырудың жемісі. Республикада кәсіпкерлікпен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Айта кетейік, бүгінде елімізде 500 қазақстандық-америкалық бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мұнай-газ, тау-кен өндірісі секторында, сондай-ақ басқа да экономикалық салада Американың ірі компаниялары табысты қызмет етіп келеді. Өзара тиімді ынтымақтастықты келешекте де жалғастыру жоспарланған. Қос тарап цифрландыру және ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларды бірлесе қолға алмақ.

ДЖОРДЖ КРОЛ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АҚШ ЕЛШІСІ:

- Қазіргі таңда Қазақстандағы америкалық инвестициялар мен бизнесті әртараптандырудың жаңа кезеңі жүріп жатыр десек те болады. Біздегі қазақстандық инвестицияларға қатысты да сондай үрдіс байқалады. Біздің ойымызша, Қазақстан экономикасының әлеуеті мол салалары көп. Бұл ауыл шаруашылығы, химиялық өңдеу кешендері, басқа да салалар болуы мүмкін.

БИЛЛ ПРАЙС, АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢӨКІЛІ:

- Біз Қазақстандағы қызметімізді 20 жыл бұрын бастадық. Жалпы, сіздің елдің ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндіктер көп. Бүгінде біз Алматы, Қостанай және Көкшетауда жұмыс істейміз.

Шетел инвестициясы көлемінің өсуі Қазақстан аймақтарында да байқалады. Швейцария кәсіпкерлері Алматы облысының қайта өңдеу өнеркәсібі және баламалы энергетика кәсіпорындарына қаражат құюға ниетті. Сондай-ақ шетелдік кәсіпкерлер тың технологиялар және біліктілік тәжірибелерімен алмасуға дайын. 

УРС ШМИД, ШВЕЙЦАРИЯНЫҢ ҚР-ДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Біз Қазақстанмен 15 жылдан астам жұмыс жасап келеміз. Алматы облысы –қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Мұнда туризм саласы мен басқа да бағыттарды жүзеге асыруға болады.

Ал табиғи-климаттық жағдайлар «жасыл энергетика» нысандары құрылысын жүргізуге мүмкіндік береді, бұл бағытта біздің еліміз жақсы нәтиже көрсетіп отыр, сондықтан қазақстандық серіктестер біліктіліктерімен бөлісе алады. Сондай-ақ облысымыз жоғары сапалы азық-түлікпен де белгілі, сол себепті жеміс, көкөніс саласын қайта өңдеу – табысты жұмыс болмақ.

Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан экономикасына 300 млрд доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Бұл жөнінен Нидерланды, Франция, Ресей, Жапония, Қытай, Швейцария, Ұлыбритания мен Гонконг елдері алдыңғы қатарда.