Қазақстан экспорт көлемін арттырып келеді. Бүгінде отандық тауарлар Орталық Азия және ТМД елдерінің нарықтарына жер үсті, әуе және су көліктерімен жеткізілуде. Отандық өнімдер Павлодардан Ресейге жүк кемесімен тасымалданып жатыр.  

Өңірдегі барлық жүк кемелері 100%-ға жаңа навигацияға дайын. Портта ауқымды жаңғырту жұмыстары өткізілді. Сондай-ақ жаңа үш мыңдық баржалар да сатып алынды.

АЛЕКСЕЙ ГЛАДКОВ ПАВЛОДАР ӨЗЕН ПОРТЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ:

- Теплоходтарымыз сақадай сай. Техникалық паркімізді жыл сайын жаңғыртып, жаңартудамыз. Иелігіміздегі баржалар, су көліктері мен жүзгіш крандарымыз жөнделді. Қуантарлығы, флотымызды өзімізде, жергілікті кеме жөндеу зауытында жаңартамыз.

Қазақстаннан Омбы және Түмен облыстарына Ертіс өзені арқылы құм, қиыршық тас түрлері мен техникалық тұз  сияқты құрылыс материалдары жеткізіледі. Айта кету керек, өткен жылы аймақта 900 мың тонна құм өндіріліп, оның шамамен 10 пайызы көрші елге экспортталған. Ресейліктер арасында отандық қиыршық тас үлкен сұранысқа ие. Ал бір ғана Түмен облысына жылына 20 миллион тонна қиыршық тас жіберіледі.

ТӨЛЕГЕН КҮЛЖАНОВ,  ПАВЛОДАР ӨЗЕН ПОРТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Түмен облысына биыл 160 мың текше қиыршық тасты тасымалдау ойымызда бар. Ол жақтан сосын қайтып келе жатқан кезде біз 40 мың текше ағашты әкелеміз. Бұл –15 жылда болмаған дүние.

Сарапшылардың пікірінше, шын мәнінде жүк тасымалын өзен арқылы экспорттаудың келешегі үлкен. Теңіз тасымалы сияқты, бұл да экономикалық жағынан тиімді әрі мерзімінде жеткізілумен қатар жұмсалатын көлік құралы аз. Ендігі іс өзен түбін тереңдету болып отыр. Бүгінде бұл жұмысты Қазақстан мен Ресей өкілдері бірлесіп атқаруда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер