Джим О’Нил: Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары

Джим О’Нил: Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары

Қазақстанның транзиттік әлеуеті жоғары. Мұндай пікірді британдық қаржыгер Джим О'Нил Астана экономикалық форумында айтты. Әлемге әйгілі сарапшы еліміздің географиялық тиімді орналасқандығына  баса назар аударды. Сонымен қатар Джим О’Нил «Жібек жолы» жобасы Қазақстан  үшін инвестиция тарту бағытындағы қуатты құралға айналғанын айтты. Сондықтан республиканың осы артықшылығын тиімді пайдаланып дамытуға мүмкіндігі зор.

ДЖИМ О’НИЛ, GOLDMAN SACHS ASSET MANAGEMENT ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ЭКС-БАСШЫСЫ:

 - Сіздер – Қытай мен Еуропаны байланыстырып тұрған дәнекерсіздер. Менің ойымша, елдеріңіздің көлік ландшафты – әлем бойынша ең ауқымды. Қазақстанның орналасуы да тиімді, ол Қытайға жақын, әрі Азия елдерімен көршілес. Сондықтан да бұл мүмкіндікті барынша пайдалануға тиіссіздер.

«Азаматтық қоғамның болашағы». Бұл – Астана экономикалық форумындағы аса қызықты тақырыптың бірі. Сарапшылар талқысына қазіргі заманғы жаһандық үрдістердің маңызды аспектілері, үкіметтік емес ұйымдар саласындағы жаңа мүмкіндіктер мен мақсаттар ұсынылып отыр. Мемлекеттік басқарудың Жоғары мектебінің президенті, неміс профессоры, әрі әлеуметтанушы Хельмут Анхайер – осы тақырыпты зерттеп жүргендердің бірі.

ХЕЛЬМУТ АНХАЙЕР, МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ, ГЕРМАНИЯ:

 - «Азаматтық қоғамның болашағы» өзекті тақырыптардың бірі деп есептеймін. Мемлекет дамуында азаматтық қоғам маңызды қызмет атқарады, олардың дамуы қатар жүруге тиіс. Германияда азаматтық қоғамның ұзақ жылдар бойы қалыптасқан демократиялық дәстүрлері бар. Біз кейбір мәселелерде азаматтық қоғамның рөлі қандай деген сұрақтарға үнемі жауап іздеп келеміз. Мысалы, көші-қон мәселесінде. Бірақ Германияға қазір Қазақстанда өтіп жатқан ауқымды форум сынды жиындар жоқ. Азаматтық қоғамның болашағы қалай болатынын шешетін іс-шара жетіспейді. Сондықтан да сіздің елде өткізіліп жатқан жиын өте маңызды деп ойлаймын.