Митио Каку: Көп ұзамай әр адам өз көлігімен әңгімелесетін заман туады - Kazakh TV

Адамзат өмірінің барлық салаларына сандық технологияларды жаппай ендіру неге әкеліп соқтырады және әлем экономикасына қаншалықты әсер етеді? Астана экономикалық форумының спикерлері жаһандық деңгейдегі аса өзекті деген мәселелерді талқыға салып, жауап іздеді. Олардың қатарында –жасанды интеллект, криптовалюта және блокчейн технологиялары. Сарапшылардың пікірінше, осы орайдағы заманауи жаңашылдықтар қаржы нарығы мен адамзат өмірін түбегейлі өзгертеді. Мәселен, 2030 жылы 800 млн адам жаңа кәсіптерді меңгеруге мәжбүр болмақ. Бүгінде ол мамандықтардың көбі жоқ. Бұл жасанды интеллекттің дамуына жол ашады.

СТИВ ВОЗНЯК, «APPLE» КОМПАНИИСЫНЫҢ ТЕҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

 - Бүгінде сіз кез келген компьютермен емін-еркін тілдесесіз. Ол бізге түрлі жауаптар қайыра алады. Мұндай компьютерлер адам санасы сынды жасанды интелектпен жабдықталған. Менің ойымша, бұл технологияны білім беру саласында кеңінен қолдануға болады. Мен соңғы  8 жыл бойы ұстаздық қызметпен айналысып келемін. Біз әр студентке жеке дара оқытушыдан бере алмаймыз. Мен дербес компьютерлер біздің ісімізге әріптес, көмекші ретінде пайдаланылғанын қалаймын.

Танымал америкалық физик-футуролог Митио Какудің айтуынша, көп ұзамай әлемдік нарықты роботтар жаулап алып, автомобиль құрастыру ісін өндіріс жолынан ығыстыратын болады. Көлік нысандары жасанды интеллектпен жабдықталып, әр адам өз темір-тұлпарымен әңгімелесетін жағдайға жетеді. Бұл саланың дамуымен жаңа жұмыс құрылады. Әлем бойынша құлтемірлер шығаратын зауыттар мен роботтарға қызмет көрсететін сервистер ашылады. Жасанды интеллекті жетілдіру көптеген елдердің экономикалық жаңғыруын қамтамасыз етеді, дейді маман.

МИТИО КАКУ, ФИЗИК-ФУТУРОЛОГ /АҚШ/:

 - Біз бұл технологияларды барынша қолдауымыз керек. Жасанды интеллектке қатысты көптеген жұмыс орындары ашылады. Бұндай ақылды жүйемен қамтылмаған компаниялар тақырға отырады. Сондықтан жаңа қозғалыстың көшінен қалыспай, бүгіннен бастап  ілесіп, қабылдау аса маңызды. Бұл еңбек орындары мен экономикалық өсімнің басты көзіне айналады. Ғаламдық ғылымда 4 революциялық жарылыс болды. Біріншісі – бу қозғалтқышы бізге индустриялық жаңғыруды алып келді. Кейін электр энергиясы қалаларды қуат көзімен қамтып, жарықтандырды. Үшіншісі – ғаламтор. Төртіншісі – ол дамудың жаңа толқынын тудыратын жасанды интеллект.

Ғалымдар, сондай-ақ болашақта адамның өмір сүру жасының ұлғаятынына сенімді. Мәселен, микроскопиялық чиптер медицина саласының таптырмас көмекшісіне айналады. Ол нақты диагноз жасаудың кепілі болмақ. Бұдан бөлек, адам ағзасының мүшелері зертханада өсіріледі деп күтілуде. Астана экономикалық форумының қатысушыларының айтуынша, технологиялық жарылыс даму көрсеткіштерін жетілдірумен қатар жаһандық өсімнің сын-қатерлерін арттыра түседі. Бұл тақырып сарапшылардың алдағы пікір-таластарының өзегі болмақ.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер