АЭФ 2018: Цифрлық әлем

АЭФ 2018: Цифрлық әлем

АEF: Global Challenges Summit алаңында сарапшылар талқысына ұсынылған тағы бір тақырып – «Цифрлық әлем». Цифрландырудың игілігін қазақстандықтар да көріп отыр. Мысалы, кезінде мемлекеттік қызмет көрсетуді жетілдіру мақсатында құрылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінетіндердің саны азайған. Азаматтардың өздеріне қажет анықтамалар мен қызметтерді онлайн жолмен алуға мүмкіндіктері бар.

ДАНИЕЛ ДЖЕЙМС, АЛМАТЫ Қ. ТҰРҒЫНЫ:

 - Маған мекенжай анықтамасы алу керек еді. Бірақ осы анықтамаларды, ақпараттарды үйден алуға болатынын білген жоқпын. Енді осы сәттен бастап мен қолтаңба алдым, енді үйден алуға ыңғайлы және керемет болады.

Қазақстанның ірі қаласы Алматыда жыл басынан бері 13 орталық жұмыс істеу жүйесін өзгерткен. Менеджерлердің орнын өз-өзіне қызмет көрсету жүйелері басқан. Кезек саны азайып, қызмет көрсету нормасы артыпты. Жылдың бірінші тоқсанында 240 мың адам электронды қолтаңба алып, 1 млн 156 мың қызмет көрсетілген.

ЖАҢЫЛ АПЕТОВА, АЛМАЛЫ АУДАНДЫҚ ХҚКО ҚОҒАММЕН БАЙЛАНЫС ЖӨНІНДЕГІ МЕНЕДЖЕРІ:

 - Бұрын азаматтар электрондық сандық қолтаңбамен ғана алатын болса, енді бір реттік смс пароль арқылы да қызмет алу мүмкіндіктері туылды. Сол себепті бүгінгі күні ХҚКО-на келушілердің саны азайған.

Электронды үкіметті әлі жетік меңгермегендер үшін қаладағы халыққа қызмет көрсету орталығында арнайы курс ашылған. Онда мамандар күніне бірнеше рет келушілерге электронды үкіметте жұмыс істеуді үйретеді. Сонымен қатар тұрғындар мемлекеттік мекеме басшыларына бейнехат жолдап, жауап ала алады.