Қазақстандық сот өкілдері Лондондағы Сити университетінде тағылымдамадан өтуде - Kazakh TV

Global Challenges Summit Астана экономикалық форумында Еуразия кеңістігінің экономикалық болашағы талқыланбақ. Сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының аймақтағы қаржылық-инвестициялық хабқа айналуын да сөз ету жоспарланып отыр. Орталық бұл бағыттағы жұмысты қолға алды. Қазіргі таңда біліктілігі жоғары маман даярлауға аса көңіл бөлінуде. Қаржылық хабтың жұмысы ағылшын құқығына негізделген. Сондықтан қазақстандық сот жүйесінің 20 өкілі Лондондағы Сити университетінде тағылымдамадан өтуде.

МЕРУЕРТ ҚОНЫРБАЕВА,  АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

 - Бізге тағылымдама өте ұнады. Қызықты өтіп жатыр әрі көптеген жаңа нәрселерді үйренудеміз. Алдағы уақытта осында біліп-түйгенімізді Қазақстанда қолданамыз деген сенімдемін. Еліміздің сот ісін жетілдіруге өз үлесімізді қосатын боламыз.

«Судьялар және сот қызметкерлері» санаты - «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша тағылымдама өтетін басты мамандықтар тізімінде. Бұл сала үшін арнайы кешенді әрі тиімді оқу бағдарламасы әзірленген. Қазақстандықтар ағылшын тілінің курстарына қатысады. Оқу бағдарламасы жеке меншік саласындағы заңнама, жер даулары сынды салаларды қамтиды. Сондай-ақ отандық мамандар азаматтық құқық, қылмыстық сот өндірісі мен Англияның сот құрылымы сынды құқықтық мәселелерді зерттемек.

МИШЕЛЬ ЛЯ РУ, ОҚЫТУШЫ:

 - Олар ағылшын тіліндегі көптеген жаңа сөздерді үйренді деп ойлаймын. Біз тыңдау машығын жетілдіруге де аса ден қоямыз. Әсіресе олардың телевизиялық бағдарламаларды тыңдап, түсінулеріне мән береміз. Сөйлеу де аса маңызды. Студенттердің ағылшын тілін жетік меңгеріп, пікірталастарға белсенді қатысуларына мән береміз.

Тіл үйрету курстары аяқталған соң қазақстандықтар Ұлыбританияның Корольдік сотында және Лондон соттарындағы сот өндірісімен танысады. Әсіресе инвестициялық дауларды реттеу тәжірибесіне аса мән берілмек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер