Қазақстан мен АСЕАН арасындағы ынтымақтастық

Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің Орталық Азия нарығына тауар экспорттауда сенімді серіктес бола алады. Бұл туралы Сингапурде 500-дей сингапурлік компания өкілі және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропаның 6 елшісі қатысқан бизнес форумда айтылды. Қазақстан елшісі Үсен Сүлеймен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасының құрлықтағы бөлігін жүзеге асыруда Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін таныстырды. Дипломаттың айтуынша, бұрын Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ирандық Бендер-Аббас айлағынан басқа Орталық Азияға тауар экспорттау бойынша өзге жолы болмаған.

ҮСЕН СҮЛЕЙМЕН, СИНГАПУРДЕГІ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Сингапур төрағалық еткен топ қарастыратын тақырыптардың бірі – «Бір белдеу, бір жол» бастамасына АСЕАН-ға мүше елдердің қатысуы және Қытаймен ынтымақтасуы болып тұр. Бұған «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстан да кіріп отыр. Елімізді логистикалық және құрлықаралық хабқа айналдырудың 5 бағыты белгіленді. Бұл Беларусь пен Ресей арқылы және Каспий теңізімен Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау және солтүстік пен оңтүстік бағыттар.

ХО ГЁК ЧУ, HUMAN CAPITAL SINGAPOURE БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

 - «Бір белдеу, бір жол» бастамасын жүзеге асыру аясында Қазақстанның әлеуеті бізді жігерлендіріп отыр. Қазақстаннан Ляньюньган теңіз айлағына жүк не бары 5 күнде, ал одан әрі теңізбен Сингапурге дейін 12 күнде жеткізіледі. Бұл АСЕАН-ға мүше елдердің компаниялары үшін Қазақстан және Орталық Азия нарықтарына кіруге мол мүмкіндіктер ашады.

Айта кетейік, Қазақстан - Сингапурдың Орталық Азиядағы ірі сауда әріптесі. «Қорғас» логистикалық хабы мен Ляньюньган жүк терминалының пайда болуы сауданы қыздыруға және жаңа бағыттарды белсенді түрде қолдануға мүмкіндік ашты. Ал Оңтүстік-Шығыс Азия елдері  қауымдастығына мүше мемлекеттердің экономикасы әлемде 6 орында тұр. Оның  жалпы ішкі өнімінің жиынтық көлемі 2 триллион 400 миллиард долларды құрайды.