«Қор әлемі» - XI Астана экономикалық форумында қозғалатын басты тақырыптардың бірі. Халықаралық сарапшылар жаһандық деңгейде халық санының күрт өсуі және табиғи қор байлығының сарқылуы мен тапшылығы мәселесіне қатысты өз ойларымен бөлісетін болады. Қазақстан 2015 жылдан БҰҰ-ның өзге де мүшелерімен бірге тұрақты даму тұжырымдамасын қабылдады. Еліміз осы орайда әлемнің ірі қаржы институттарымен ынтымақтастық құрғанын да айта кетейік.

ДЖОВАННИ КАПАННЕЛЛИ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АЗИЯ ДАМУ БАНКІ  ӨКІЛДІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ел үкіметімен премьер-министр, және оның орынбасары деңгейінде сарапшылардың арнайы тобын құру жөнінде келіссөздер жасалып, уағдаластыққа келдік. Аталмыш комитет 2025 стратегиялық бағдарламасының негізінде тұрақты даму мақсаттарының жүзеге асуын жергілікті жерде қадағалап, бұл үрдісті басқаратын болады. Нәтижесінде 7 топ құрылып, 17 тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру талабы қойылады.

Табиғи ресурсты сарп етпей, үнемді пайдалану – тұрақты даму мақсаттарының басым бағыттарының бірі. Сарапшылардың айтуынша, болашақ баламалы қуат көздерінің үлесінде болмақ. Қазақстан алдағы 2 жылда ел тұтынатын энергияның 3 % жаңартылатын қуат көздерінен алуды жоспарлап отыр. Жасыл технологиялардың дамуына Астанада өткен ЭКСПО көрмесі үлкен сеп болды дейді, мамандар.

ЕЛДОС АБАҚАНОВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҰЙЫМДАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстан әр уақытта жаһандық деңгейдегі маңызды жасыл бастамаларды қолдап келетін мемлекеттердің бірі. Бұл – тұрақты даму мақсаттары, Париждегі климаттық келісім. Республика аумағында 2012 жылдан бері энергия үнемдеу және тиімділігін арттыру заңы қабылданды. Сондай-ақ Қазақстанның жасыл экономика саясатына көшу тұжырымдамасы жасалды. Ішкі жүйеге ендірілген бұл құжаттардың әрбірі табиғи қорды сақтап  үнемдеу мен тиімділігін еселеу қамын көздейді.

Биылғы Саммитке сарапшылардың рекордтық көлемі қатысады деп жоспарланып отыр. Әлемді өзгертуді көздейтін саясаткерлер мен бизнесмендер, ғалымдар мен өнертабыс иелері және табиғат сақшылары халықаралық қауымдастықты толғандырып жүрген көкейкесті мәселелердің күрмеуін босатудан шет қалмауға үндейді. Форумға ат салысуға – Пан Ги Мун мырза да ниет танытты. Мәртебелі мейман 9 жыл бойы БҰҰ бас хатшысы қызметін атқарған. Оның жалпы дипломатиялық еңбек өтілі – 40 жыл. Айта кетейік,  Пан Ги Мун «Әлемнің жаһандық қауіпсіздігі» сессиясына қатыспақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер