Қазақстан мен Латвия арасында тұрақты әуе рейсі ашылды

Қазақстан мен Латвия арасында тұрақты әуе рейсі ашылды. Енді Алматы-Рига бағытында жолаушылар аптасына үш рет қатынай алады. Жаңа рейс екі ел арасындағы іскерлік қатынастар мен туризмнің дамуына сүбелі үлес қоспақ. 

ҚАЙРАТ ҚАМБАРОВ, ЛАТВИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН КОНСУЛЫ:

- Рейстің ашылуы біз үшін үлкен қуаныш. Осы рейс аптасына үш рет қатынайды. Бұл Қазақстан мен Латвияның осы саладағы қызметкерлерінің қосқан жемісті жұмысының нәтижесі. Осы рейстің ашылуымен екі ел арасындағы туристердің көбеюін күтеміз.

Алматы мен Рига арасындағы жолаушылар тасымалын Латвияның ұлттық әуекомпаниясы жүзеге асырады. Әуетасымалдаушы үшін бұл Орталық Азиядағы жалғыз әрі ең ұзақ бағыт болмақ. Жаңа рейс қазірдің өзінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Қазақстанға бағыт алған алғашқы ұшақпен 120-дан аса жолаушы ұшты.

СВЕТЛАНА АБАШКИНА, АIRBALTIC КОМПАНИЯСЫНЫҢ СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫС ЖӨНІНДЕГІ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

- Біз ынтымақтастықты ұлғайту мақсатында Қазақстандағы өзге бағыттарға жолаушылар тасымалдауды қарастырып жатырмыз. Дәл қазір біз бұл рейстің үмітімізді ақтап, танымал болуы үшін бар ынтамызбен жұмыс істеуге ниеттіміз. Мәселен, бірінші рейстің өзінде адам лық толы. Демек асығымыз алшысынан түсетіні анық.  

Жаңа бағыт Алматы-Рига рейсі тек саяхатшылардың ғана емес, іскер топ өкілдері үшін де  өте қолайлы болмақ. Қазақстан – тағылымы мол тарихымен белгілі болса, Латвия – көркем табиғаты мен Балтық теңізі жағалауындағы бірегей ел. Енді жаңа әуе тасымалының арқасында екі елдің азаматтары небәрі 5 сағатта жетіп,  саяхаттауға мүмкіндік алды.